Өңірлердің Астананың мерейтойына тартуы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өңірлердің Астананың мерейтойына тартуы

18.06.2018

Жаңа Достық үйі мен жаяу жүргіншілер көпірі. Саябақтар мен монументтер, субұрқақтар мен бульварлар. Өңірлердің елордаға тартуы. Енді аз күнде Астананың 20 жылдығы кең көлемде аталып өтеді. Осыған орай, өңірлер Астанаға он әлеуметтік нысан мен ұзындығы 56 шақырымдық веложолақ тарту етеді.

Екі жағалауды жалғайтын жаяу және веложүргіншілер көпірі. Атырау облысының тартуы. Құны 6 миллиард теңге. Астана күні ашылатын  ең қымбат әрі ең ірі нысан.

Арсений Пирожков, «Астана бас жоспары» ҒЗЖИ» ЖШС директорының орынбасары:

- Біздің жоспарымыз бойынша бұл көпір арқылы ең үлкен магистраль-республика көшесіндегі халық саябаққа тез жетеді. Сол себепті де, біз бұл көпірді қаланың Бас жоспарына енгізгенбіз.  Қазір оның құрылысы жүруде.

Самал ықшам ауданы мен «Астана» амфитеатрын жалғайтын көпірдің ұзындығы 313 метр. Ал, ені 10 метрге жуықтайды. Оның 6 метрі жаяу жүргіншілерге арналған. Қалған 3 метрі велосипед жолы.

Велосипед демекші. Алты облыс бірігіп, Астанаға веложолақ тарту етеді. Оның ұзындығы 56 шақырымнан асады. Өңірлер бұл жолды өзара бөліп алған. Мысалы, қала ішіндегі қиын учаскелерді бірнеше облыс салып жаста, Қосшы мен Үркерге баратын 23 шақырым жолды Қостанай облысы салуда.

Арсений Пирожков, «Астана бас жоспары» ҒЗЖИ» ЖШС директорының орынбасары:

- Қала ішіндегі веложолақ орталық саябақтан басталып, Есіл жағасын бойлай отырып, Ақордаға айналады. Одан әрі «Ханшатырды» айналып, Қабанбай батыр көшесінің бойымен қала сыртындағы веложолға қосылады.

Қазір қала көшелерінде қызу жұмыс. Өңірлер өзіне тиесілі жол учаскесін аяқтауға асығуда.

Серік Қадырбеков, бригадир:

- Қонаев көшесімен Мәңгілік елден бастап Қабанбай көшесіне дейін 1,5 шақырым жолдың екі жағы. Ертең қызыл асфальт салу басталады. Осы айдың 20-на дейін тапсырамыз деп отырмыз.

Маңғыстау облысы да ерекше тарту жасамақ. Бауыржан Момышұлы көшесінің бойындағы «сақалды құрылыс» атанған Неке сарайы ғимаратын сатып алып, достық үйіне айналдырмақ. Жоба құны 1,8 миллиард теңге төңірегінде.

Бейсенғали Кенжалиев, Маңғыстау облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:

- Маңғыстау облысы Достық үйін таңдаған себебі Астана қаласы Достық үйі жоқ бірден-бір өңір. Барлық облыс орталықтарында Достық үйі бар. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін Маңғыстау облысы өзінің үлесін қосуға тырысады.

Астананың мерейтойына айдан да аз уақыт қалды. Өзге облыстар да сый-сыяпаттарын  әзірлеуде. Мысалы, Қызылорда облысы «ғарыш» экспозициясын сыйласа, Қарағанды облысы «Қазақ еліне мың алғыс» монументін тұрғызбақ. Бұдан бөлек, өңірлердің көмегімен балабақша мен «Арай» саябағы қайта жаңғыртылады.

 

Дулат АБИБУЛЛАЕВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Play Market сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу