Елорданың 20 жылдық мерейлі мерекесіне орай Шымкент зообағы Астанада ашылатын хайуанттар бағына 20 түрлі аң мен құсты тарту етпек. Олар арыстан, амур жолбарысы, пума, қоңыр аю секілді жыртқыштар мен кезқұйрық, тілеміш, тазқара, үкі секілді құстар. Оның барлығы еліміздің табиғатына бейімделіп, осында көбейген жануарлардың тұқымдары. Бүгін Шымкент зообағының қайта құрылымдаудан өткен «Африка» деп аталатын аймағы ашылды. Оның басты ерекшелігі, енді мұндағы аң-құстар темір қапастарда емес, табиғатта еркін тіршілік етеді. Африка құрлығының көріністеріне ұқсастырып жасалған аймақты түйеқұс, зебра, лама, бизон, антилопа секілді 10-нан астам жануар мекен етеді. Саванна үлгісіндегі мекенде көлшіктер жасақталып, шөптесін өсімдіктер, көлеңкелі ағаштар отырғызылған. Жалпы, зообақ аймағынын қайта құрылымдау жұмыстары 2010 жылы басталған. Қазір 9 вольер салынуда. Сондай-ақ, бұған дейін «Тау» деп аталатын экспозиция жасалды. Бүгінде Шымкент хайуанаттар бағын 248 түрлі аң мен құс мекен етеді. Олардың жалпы саны 2,5 мыңға жетті.
Нұрғазы Бұқарбаев, Шымкент хайуанаттар бағының директоры:
- Толығымен жұмыстарды бітірген кезде осы жерге мың түрлі аңға дейін әкелсек деген ойымыз бар. Одан басқа, жаңа вольерлерді соғып, дүниежүзіндегі ең мықты зообақтардың үлгілерін алып, көрсетсек деген ой бар.
Ғани ҚАЛМАХАНОВ