«Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналары Орталық коммуникациялар қызметінде Астананың 20 жылдығына орай дайындаған арнайы жобаларымен таныстырды. Шараға «Qazaqstan» телеарнасының Ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар дирекциясының директоры Ерлан Атамбай, арнайы жобалар бөлімінің жетекшісі Қуаныш Сүлейменов, «Qazsport» телеарнасының директоры Павел Цыбулин, және «Igraphic» дизайн бюросының жетекшісі Бағлан Айдашов қатысты.
Шараның мақсаты – Астананың 20 жылда жеткен жетістіктері мен бас қаланың даму тарихына арналған арнайы жобалармен таныстыру.
«Qazaqstan» ҰТА Ақпараттық–сараптамалық бағдарламалар дирекциясының директоры Ерлан Атамбай: «Астана еліміздің бас қаласы ғана емес, Тәуелсіз еліміздің тарихи қаласына айналды. Бүгінде Астанада маңызды халықаралық іс-шаралар, әлемдік оқиғалар тұрақты түрде өтеді. Астананың 20 жылдығына орай корпорацияның шығармашылық тобы 10-нан астам деректі фильм мен арнайы жобалар дайындады. 6 шілде күні, сағат 19:00-де эфирге шығатын «Астана тынысы» атты деректі фильмді ерекше атап өткім келеді. Бұл фильм сондай-ақ, Қытайдың CGTN-Russian, Қырғызстанның КТРК, Өзбекстанның НТРК, Түркияның TRT Avaz, Моңғолияның Sky News және басқа да елдердің телеарналарынан көрсетілетін болады», - деді.
Айта кетейік, «Qazaqstan» Ұлттық арнасының көрермендері шілденің 2-нен бастап 8-не дейін «Бір суреттің тарихы», «Елбасы. Елең-алаң», «Елбасы сүйген ел әні», «Ел жүрегі Астана», «Елорда инфрақұрылымы», «Астана – арман қала», «Елорда есебі», «Жасай бер, әсем Астана!», «Ұлттық арнада ұмытылмас әндер» және тағы да басқа тың жобаларды тамашалай алады.
«Елбасы Орталық Азия елдері күшті және тәуелсіз аймақ бола алады, өйткені, соңғы 500 жылдың ішінде тұңғыш рет біздің аймақ экономика жағынан дүниежүзілік экономика үшін маңызды аймақ болып отыр деген еді. Біз осыны негізге ала отырып, деректі жоба әзірлеуді жөн санадық. Дайындық барысында, Қырғыстан, Тәжікстан, Әзірбайжан, Түркия елдерінің қоғам қайраткері, саясаткерлер мен сарапшыларынан сұхбат алынды. Эфирге 6 шілде күні шығады. Әдеттегідей Ұлттық арна бағдарламаларын «Qazaqstan TV» қосымшасы арқылы да көруге болады», - деді АСБД директоры Ерлан Атамбай.
Ұлттық арна 6 шілде күні халықтық шаралардың ортасынан 5 сағатқа жуық тікелей қосылымға шығады. Арна жүргізушілері Қымбат Досжан мен Жансерік Бейсеев көрермендермен, қала қонақтарымен кездесіп, түрлі викториналар ұйымдастырса, Данияр Меңілбеков, Ирина Тән, Мейіржан Әлібекұлы, Дана Нұржігіт, Қайрат Әділгерей мерекелік шаралар ортасынан тікелей қосылады. «Басты тақырып», «Мәселе» және «Елден Хабар» бағдарламалары да ел ішінен тікелей эфирге қосылады.
Мереке күндері «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналары әдеттегідей футболдан Әлем чемпионатын көрсетуді жалғастырады. Одан бөлек, 7-шілде күні кәсіби бокстан екі салмақта Әлем чемпионы атанған Бейбіт Шуменовтің Хизни Алтункаяға қарсы жекпе-жегін тікелей эфирде көрсететін болады.
«Биыл «Qazsport» телеарнасы 5 жасқа толды. Осы жылдар аралығында 70-тен аса деректі фильм мен бірқатар спорттық бағдарламалар жарық көрді. Біз алдағы уақытта да телеарна көрермендерін жаңа жобалармен, тың бағдарламалармен қуантатын боламыз»,- деді «Qazsport» арнасының директоры П.Цыбулин.
Сондай-ақ, «Igraphic» дизайн-бюросы «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасының тапсырысы бойынша арнайы дайындалған ID роликтерімен таныстырып өтті. Елбасының Тәуелсіздік жылдардағы жеткен жетістіктері мен елге сіңірген орасан еңбегі бейнеленген бейнероликтер заманауи инфографикада орындалған.