Тұңғыш «Қазақстан барысы» Ұлан Рысқұл мен «Әскер барысы» Еламан Ерғалиев алтын тайтұяқ пен бас жүлдені сарапқа салды.
Еламан Ерғалиев өткен жылғы бәсекеде ширек финалға шыққан болатын. Қызылорда күрес мектебінің түлегі. Күрес мамандарының зор ілтипатына ие болып отыр. А тобындағы бірінші кездесуінде Мұхит Тұрсыновты ұтты. Одан кейін маңғыстаулық Нұрдәулет Жарылғаповтан басым түсті. Ширек финалда қарағандылық палуан Асыл Бәрменовпен белдесуінде қарсыласы жарақат алып қалды. Жартылай финалда атыраулық Арман Қалиевті таза ұтты.
Ұлан Рысқұл бірінші белдесуінде ақмолалық палуан Дәулет Әшірхановтан басым түсті. Екінші кездесуінде оңтүстікқазақстандық Әділжан Ыстыбаевты таза жеңіспен ұтты. Ширек финалда бауыры Руслан Әбдіразақпен жолығып, басым түсті. Жартылай финалда Айбек Нұғымаровты жамбас ұпайымен қапы қалдырды.
Ал, бүгінгі турнирдің басты белдесуі Еламан Ерғалиевтің таза жеңісімен аяқталды. Осылайша, ол «Қазақстан барысы-2017» турнирінің жеңімпазы атанды.
«Қазақстан барысы-2017» бәсекесінің екінші орын иегері – бозкілемге Алматы облысының атынан шыққан Ұлан Рысқұл болса, үшінші жүлде шығысқазақстандық Айбек Нұғымаровта.
Естеріңізге саламыз, ұлттық спорттың жанкүйерлері жарысты «Қазақстан» және «Kazsport» арналарынан тікелей эфирде тамашалады.