Дуалды оқыту жүйесіне көшпекші - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Дуалды оқыту жүйесіне көшпекші

14.02.2014
Дуалды оқыту жүйесіне көшпекші
Елбасы өзінің биылғы  халыққа арнаған кезекті Жолдауында дамыған 30 мемлекеттің құрамына ену үшін  жеті бағыт бойынша жұмыс істеу керектігін тапсырған болатын. 
 
Оның ішінде алтыншы  бағыт бойынша техникалық және кәсіптік білім беру саласында дуалды оқыту жүйесін енгізу керектігін қадап айтты. Ақмола облысы Есіл қаласындағы №7 агротехникалық колледж осы жүйеге  көшуге толықтай дайын.
 
Есіл қаласындағы бұл колледжде 280 студент білім алуда. Олар төрт мамандық бойынша оқып жатыр. Яғни,  ауыл шаруашылығындағы жеке шаруа жетекшісі, құрылысшы, дәнекерлеуші және аспаз кәсіптерін игеріп шығады.
 
Толғанай Қасымбекова, студент:  
Осы мамандыққа өзім келдім. Менің анамның кәсібі де аспаз. Болашақта кәсібімді ашқым келеді.
 
2008 жылы оқу орнының базасы  жаңартылды. Зертханалық және мультимедиялық кабинеттер ашылды. Ал, дәнекерлеушілердің біліктілігін арттыру үшін  24 миллион теңгеге  арнайы құрылғылар сатып алынған.
 
Валерий Бобучарский, Есіл қаласындағы №7 агротехникалық колледж  директорының орынбасары: 
Оқыту жүйесі барлық бағыттар бойынша жүргізілуде. Металды кесуге және дәнекерлеуге арналған құралдың 16 түрі бар. Дәнекерлеудің ең жаңа үлгілері енгізілді.
 
Сонымен қатар, жаңа технологиямен  жабдықталып, сапалы  оқыту әдістері  енгізілген агротехникалық колледжде  дуалды оқыту жүйесіне көшуге  дайындық жұмыстары басталған. 
 
Светлана Марусанич, әдіскер:
Біз дуалды оқыту жүйесіне дайындық үстіндеміз. Яғни, жеке кәсіпорындармен  бірлесе жұмыс істейтін боламыз. Мұндағы студенттер  сол кәсіпорындарда тәжірибелерін жетілдіретін болады. Бізге жасалып жатқан  барлық жағдай техника саласы мамандарын арттыруға бағытталған.
 
Елбасы Жолдауы - колледж ұжымының басты назарында. «Олар жаңа жүйе арқылы түлектердің кәсіби маман болып шығуына барымызды саламыз»,-  дейді.
 
Ерболат ТӨЛЕГЕНҰЛЫ 

Хабарламаларға жазылу