Балаға кітап оқы, білімді содан ізде деп жатамыз. Баяғыдай оқулық таппайтын заман емес. Бірақ саны көп те, сапасы аз қазіргілердің. Мәселе жалғыз кітапта емес, жалпы білім саласының шикі тұстары жетерлік.
Бұл тақырып бүгін Парламент Мәжілісі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің көшпелі отырысында да қозғалды.
«Білекке сенген заманда ешкімге дес бермедік, білімге сенген заманда қапы қалып жүрмелік». Бұл - Нәрлібек Қанағатовтың ұраны. Ол бүгінгі оқулықтардың ішіндегі қателерге мән берілсе дейді. Кітаптарда баланың жас ерекшелігіне сай келмейтін, тілі қиын тапсырмалар көп.
Нәрлібек Қанағатов, Семей қаласының тұрғыны:
Орыс тілінен немесе басқа тілден аударылуы мүмкін. Ол тура аударма болып кетуі мүмкін. Ол баланың психологиясына, дүниетанымына қалай сәйкес келеді. Бұл балаға оңай ма, қиын ба, оны ойлап жатқан маман жоқ.
Білім және ғылым министрлігі бұл мәселені білмей, оған мән бермей отырған жоқ. Жаңа оқулық жазуға байланысты тұжырымдамалар, стандарттар қолға алынды. Оған озық әдіскер-ғалымдар, мектеп мұғалімдері тартылуда.
Әрине, атқарар шаруа жетеді, десе де көш жүре түзеледі дейді мамандар. Келесі жылдан бастап шығатын оқулықтардың сапасы жоғары болады деген сенім бар.
Есенғазы Иманғалиев, ҚР Білім және ғылым вице-министрі:
Қазіргі таңда кітап шығарумен елімізде 10 баспа айналысады. 2012 жылы 2 және 9 сыныптар үшін оқулықтар қайта шығарылған болатын. Былтыр 3 және 10 сыныптар үшін оқулықтарды шығару үшін жұмыстар қолға алынды.
Ал, Мәжіліс депутаттары мен ұстаздар қауымы олай ойламайды. Себебі, қазір оқулықтардың мазмұны талапқа сай емес, бір-бірімен ешқандай байланыс, сабақтастық жоқ. Артық дүние өте көп.
Аягүл Миразова, Қазақстанның Еңбек Ері:
Қазақ тілі - фонетика, лексика. Ал бізде қазақ тілі деп жазып қояды, да сөз өнері, шешендік сөз оқытылады.
Комитет төрайымы Дариға Назарбаева оқу стандарттары мен бағдарламасын әзірлейтін оқулықтардың сапасы үшін білім академиясы жауап беру керек деп есептейді.
Дариға Назарбаева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Бүгінде сапалы оқулық шығаруға мемлекеттің қауқары жетеді, жағдай да жасалған. Сондай-ақ, бүгін оқулықтарды шығаруға психолог мамандар да атсалысуы керек деген ұсыныс түсті. Өйткені, кейбір кітаптардағы ақпараттар оқушылардың жасына сай келмейді. Жоғары сыныптарда жоғарғы математиканың не қажеті бар?
Мамандардың айтуынша күрмеуі көп мәселені шешу үшін ең алдымен оқулықты жазуға кем дегенде 9-11 ай берілуі тиіс. Сондай-ақ әр кітаптың жарыққа шыққанан соң міндетті түрде сынақтан өткізілуі маңызды. Тек сонда ғана оқулықтардағы қателерден арыламыз. Нәтижесінде, Нәрлібек Қанағатов сынды әкелер балаларының болашағы үшін алаңдамайтын болады.
Индира БЕГАЙДАР