Алматыда «Интеллектуалды марафон» халықаралық олимпиадасы басталды. Бұл сайыс ауылдағы дарынды оқушылардың ақпараттық білім алу ортасын кеңейтіп, ғылыми-зерттеу жобаларына демеу көрсету мақсатында алғаш рет ұйымдастырылып отыр.
Олимпиадаға Ресей мен Қазақстаннан 10 командаға біріккен 100-ге тарта мектеп оқушысы қатысады. Қазақстанның намысын қорғайтындар - Алматы және Жамбыл облыстарының дарындылары.
Оқушылар І турда математика, информатика, физика, ал, ІІ турда химия, биология, экология пәндері бойынша бәсекеге түседі.
Сондай-ақ, пәнаралық жарыстан бөлек, қатысушылар ғылыми жобаларын да қорғамақ. Олимпиадаға төрелік ету үшін Мәскеу мен Новосібірдің жетекші оқу орындарынан да білікті мамандар келді.
Екі күнге созылатын жарыстың жеңімпаздары мен қатысушыларын түрлі дәрежелі дипломдар мен сыйлықтар күтіп тұр. Қазақстаннан қатысқан жүлдегерлер Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің гранттарына ие болады.
«Ал, Олимпиада бұдан былай жыл сайын өтеді және қатысушылардың ауқымы кеңейеді», -дейді ұйымдастырушылар.
Сымбат Жексенқызы, қатысушы:
Ғылыми жобам ауылымдағы қоқыс полигонын қабылдау және сол қалдықтарды жою туралы. Мақсатым - университеттің грантын ұтып алу, ауылымның экожүйесін тазарту.
Тоғжан ЖАЛҒАСБЕКҚЫЗЫ