Психологиялық көмек жетілдіріледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Психологиялық көмек жетілдіріледі

28.03.2014
Психологиялық көмек жетілдіріледі

Қазақстанда жыл сайын кәмелетке толмаған әрбір 12-ші жеткіншек өзіне-өзі қол жұмсауға барады екен. Әрине, бәрі бірдей өліммен аяқталады деуге келмес.

 
Деcе де, Қазақстан қазір балалар суициді бойынша әлем елдерінің алғашқы ондығына кіріп тұр. Себеп - біреу-ақ. Бала түрлі психологиялық дағдарысқа ұшырайды. Одан шығудың жалғыз жолы осы екен деп санайды.
 
Ал, дер кезінде көмек көрсете қоятын психолог маман тапшы бізде. Бүгін Астанада «Білім беру ұйымдарындағы психологиялық көмекті жаңғырту» деген тақырыппен республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті. Онда мәселенің себеп-салдары кеңінен сөз болды.
 
Қазір мектептерде демалыс уақыты. Бірақ, демалыс екен деп қарап жатқан бала жоқ. Өйткені, Ұлттың біріңғай тестілеудің ауылы жақын.
 
Амангелді күніне 7-8 сағатын дайындыққа арнайды. Көңілінде күдіктен үміт басым. Тестті сәтті тапсырамын, деп отыр. Өйткені, ата-анасы да, мұғалімі де солай болуы тиіс екенін әбден құлағына құйып қойған. Ал, олай болмай қалса ше? Бірақ, балаң жігіт ондай сәтсіздікке әзірге дайын емес.
 
Амангелді Бекен, Астана қаласы №69 мектеп-гимназиясының 11-сынып оқушысы:
Тесттен өтпеу деген ұят. Ата-анам да уайымдап отыр.
 
Психолог Шолпан Омарованың 27 жылдық тәжірибесі бар. Мұндай сынақтың талайын көрген. Бала психологиялық дағдарыстан жалғыз шыға алмайды.
 
Шолпан Омарова, Астана қаласы №69 мектеп-гимназиясының психолог маманы:
Ондай қобалжуды бірден жеңу мүмкін емес. ҰБТ таянған сайын өздерінің ішкі сезімі пайда болып отыр. Балаға қолайлы жағдай жасау керек.
 
Шынар Асанқызы, тілші:
Соңғы жылдары біріңғай тестілеуге кіретін оқушылар арнайы аппараттар арқылы тексеруден өтеді. Бұрын мұндайды көрмеген әрі онсыз да қобалжып тұрған балаға мұның психологиялық тұрғыдан кері әсер етері сөзсіз.
 
Сынақ алдындағы мұндай сапырылыс - баланы психологиялық күйзеліске ұшырататын 10 себептің бірі ғана. Бұдан өзге мектептегі әлімжеттік, зорлық-зомбылық, қыз балалардың кәмелетке толмай аяғын шалыс басуы да суицидке әкеліп соғуы мүмкін.
 
Есенғазы Иманғалиев, ҚР Білім және ғылым вице-министрі:
Психолог мамандар тек қана қағаз жүзінде, ал ал іс -тәжірибелері мол емес. Психолог өзі дайын болуы керек.
Батыс елдерінде әр отбасының жеке психологы болуы заңды нәрсе. Қит етсе соның көмегіне жүгінеді. Енді министрлік өкілдері мектептердегі психолог мамандардың қатары артады, дейді.
 
Шынар АСАНҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу