Қазақ ғалымдарының ашқан жаңалығы мен жазған еңбектері бүгінде шетелдіктердің үлкен қызығушылығына ие. Сондай жаңалықтарды ашқандардың бірі - бабадан қалған көне есептердің мазмұнын зерттеп жүрген Советбай Елубаев.
Ол аты әлемге әйгілі қазақтың дарынды математиктерінен тәлім алған. Дана тұлғалардан дарыған қасиет болар, Советбай Елубаев есептерді біріктіріп шешуге болатын амалдарды ашты.
Біраз жыл ел аралап «Қазақтың ежелгі қара есептері» атты еңбек жазды. Онда 118 есеп пен 30 математиктің өмірбаяны жазылған. Кітапты орыс тіліне тәржімаламақ болған аудармашылар қазақы өлшем-бірліктерді, астарлап айтылған пайымдарды өзге тілде жеткізе алмаған.
Бабаларымыздың математика, астрономия, физика, жаратылыстану салаларын жетік білгеніне Советбай Елубаевтың Мәскеу, Омбы, Ташкент, Томск қалаларындағы архивтерден тапқан деректі құжаттар дәлел.
Байырғы заманда қазақ халқының оқу-білімге құштар болып қана қоймай, өзіндік өлшемдер мен математикалық әдіс-тәсілдерді ойлап тапқаны да анықталды. Халық есебінде логикалық жұмбақтар, астарлап жеткізетін ой мен мәтелдердің ұшқырлығы еріксіз таңдай қақтырады.
Советбай Елубаев, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент:
Ол есептерді қазіргі математиканың салалары бойынша зерттеп шығарып көрдім. Сонда қазақтың мәдениеті ашылды. Олар арифметикалық, геометриялық прогрессияны, фурия қатарын, графтар әдісін, системаны білген. Солардың бәрін сол әдістер бойынша мен шығарып көрсеттім.
Қазақ тарихына қатысты дәйекке көзі жеткен математик, ел аралап ежелгі есептерді жинауды әдетке айналдырған. Себебі, жиі қоныс ауыстырған бабаларымыз ойларын қағаз бетіне түсірмей, көбін ауызша қалдырған. Зерттей келе, Советбай Елубаев қазақтың өзіндік ондық санау жүйесі мен түйіндік белгілерінің болғанын анықтады.
Советбай Елубаев, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент:
Қазақтың өлшемдер ол ешбір халықта жоқ. Қылмен өлшеген, ымдап та сандарды көрсете алған, олардың белгілері бар. Мысалы, олар - арқанға, жіпке түйін жасаған.
Бірнеше жыл бұрынСоветбай Елубаевтың «Қазақтың ежелгі қара есептері» атты еңбегіне қытай халқы қызығып, сатып алғысы келген. Десек те ұлттық құндылықтарды жоғары қоятын математик ата-бабамыздан қалған мұраға, бүгінгі жастар сусындап өскенін қалайды.
Әйгерім МУСИНА