Елімізде сыбайлас-жемқорлық жағынан білім саласы үшінші орында. Бұл туралы Қазақ гуманитарлық заң университетінде өткен семинар-кеңесте белгілі болды.
Сарапшылардың айтуынша, студенттің бір сессиясы 50 мың теңге тұрады. Сонда жылына жоғары білім саласындағы заңсыз ақша айналымы 100 миллион АҚШ долларынан асып түседі деген сөз.
Әзірге, жоғары оқу орындарындағы жемқорлықты жою мүмкін болмай тұр. Мұны жиынға келген жүз ректор да мойындап отыр. Енді Білім министрлігі не істемек?
Тахир Балықбаев, ҚР Білім және ғылым вице-министрі:
Келесі оқу жылынан бастап барлық жоғары оқу орнында деантология сабағын жүргіземіз. Бұл арқылы әр маманның жемқорлық және этикалық көзқарастарының қандай болуы керектігі жөнінде арнайы сабақтар өткіземіз. Сонымен қатар, кейбір жоғары оқу орнында жемқорлыққа қарсы жаңа әдістерді базалық жүйеде жүзеге асырамыз.
Досымжан Ермұрат