Қосымша білім беру жүйесін жетілдіру ұсынылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қосымша білім беру жүйесін жетілдіру ұсынылды

29.04.2014
Қосымша білім беру жүйесін жетілдіру ұсынылды
Елімізде қосымша білім беру жүйесін жетілдіру керек. Балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық қабілетін дамытуда жіберілген олқылықтар жетеді.
 
Бұл туралы бүгін Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің көшпелі отырысында айтылды. Сондай-ақ жиында бұл проблеманың шешу жолдары да қарастырылды.
 
Арнұр Балтабек 4-ші сыныпты тәмамдағалы жатыр. Оқушы ауылда тұрады. Мектепішілік спорт секцияларына барады. Бірақ сабақтан тыс уақытының басым бөлігі далада өтетін көрінеді.
 
Күн жылыда велосипед теуіп, көше кезеді. Артынан ерген іні-қарындасын ойнатады. Қаладағы көп үйірмеге барғысы келеді, бірақ алыстау болып тұр. Ата-ана алаңдайды, қоғамдық көлік қатынасы қиын.
 
Арнұр Балтабек, оқушы:
Менің сабақтан кейін бос уақытым көп болады. Мен іні-қарындастарымды ойнатып, достармен велосипед теуіп немесе басқа да ойындар ойнаймын. Ауылымызда үйірме болса, мен сдомбыра үйренгім келеді. Домбыра тартуды жақсы көремін. Үйренсем, жарыстарға барар едім.
 
Индира Бегайдар, тілші:
Елімізде қосымша білім беру жүйесімен балалардың тек 23 пайызы ғана қамтылған. Мұғалімдер жалақы мардымсыз деп налиды. Мәселен, осы салада сабақ беретін мұғалімнің жалақысы - 10 мың теңге. Әзірге ақша талап етпей жұмыс істеп тұрған мына мүсіндер ғана.
 
Жаңыл Жонтаева, ҚР Білім және ғылым министрлігінің департамент директоры:
Енді мұғалімдердің жалақысы өздерінің білімін жетілдіру арқылы ғана көтеріледі. Бұл біздің құзырымызда емес.
 
Сондай-ақ қосымша білім беруге арналған ғимараттар да жетіспейді, барының сапасы сын көтермейді. Сондықтан да елімізде 680 ғана қосымша білім беру ұйымы бар. Алаңдатқан проблемалар тек ол емес.
 
Сандуғаш Қанапиева, Астана қаласындағы музыкалық мектеп директоры:
Халықаралық байқауларға қатысайық десек, қаражат қарастырылмаған. Балалар ойнайтын музыкалық аспаптардың тозығы жеткен, 50 жылдан бері қолданылып келеді.
 
Мамандардың айтуынша, күрмеуі көп күрделі мәселенің біразы алдағы уақытта шешіледі, яғни 2015 жылға таман қосымша білім беру жүйесімен қамтылған оқушылардың саны 50 пайызға дейін жетеді.
 
Мәжіліс вице-спикері Дариға Назарбаева жаңа тұжырымдама бар мақсатты жүзеге асырады, дейді.
 
Дариға Назарбаева, ҚР Парламенті Мәжілісінің вице-спикері:
Қосымша білім беру жүйесімен балаларды 100 пайыз мемлекеттің қаражаты арқылы қамту мүмкін емес. Сондықтан да бұл салада маңызды рөлді мектептер атқарады. Онда да біз үйірмелердің санын арттыруымыз керек. Ал, қаржыландыру мәселесіне келетін болсақ, мемлекеттік тапсырыстармен қатар ата-аналар да атсалысуы керек.
 
Тұжырымдама сәтті жүзеге асып, жоспарлар орындалса, Арнұр Балтабек сынды дарынды оқушылар өз талантын әрі қарай шыңдауға мүмкіндік алады, жалындаған жүрекке от беріледі. 
 
 
Индира БЕГАЙДАР

Хабарламаларға жазылу