Индустриялдық аймақтағы кәсіптік білім беру тәжірибесін еліміздің өзге өңірлеріне де енгізу қажет. Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысында арнайы іс-сапармен барып, «Білікті маман» оқу орталығының жұмысымен танысқан Үкімет басшысының орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова осылай деп мәлімдеді.
Оның айтуынша, кәсіпорындарға қажетті мамандарды сол өндіріс мекемелерімен бірлесіп даярлауды кеңінен қолға алу керек. Айта кетейік, қазір бұл орталықта 85 адам тігінші, сылақшы, бояушы сияқты түрлі сала бойынша білімін жетілдіріп, кәсіби шеберлігін шыңдап жатыр.
Олар орталықта теориялық білім алумен қатар, болашақта тұрақты жұмыс орны болатын зауыт, фабрикаларда іс тәжірибеден өтеді. Сондай-ақ вице-премьер осы орталықта колледж, кәсіптік мектеп басшылармен де кездесті. Еліміздің Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов дуальды оқыту жүйесі жайын сөз етті. Болашақта елімізде осы жүйемен оқыту 50 пайызға дейін артатынын атап өтті. Қазір бұл бағытта өңірлер арасында келіссөздер жүргізіліп, нақты шаралар қолға алынуда.
Гүлшара Әбдіқалықова, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:
Ең бастысы мәселесі - жатақхана, стипендия. Стипендия алып, бітіргеннен кейін, сол жерде жұмысқа орналасып қалу мәселесі. Осы үш мәселе ғой негізгі. Соны шешсек, бәрі дұрыс болады ғой деп ойлаймын.
Айнұр АҚБАЕВА