Атыраулық ата-аналар ҰБТ сұрақтарына наразылық білдірді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атыраулық ата-аналар ҰБТ сұрақтарына наразылық білдірді

04.06.2014
Атыраулық ата-аналар ҰБТ сұрақтарына наразылық білдірді
Ұлттық бірыңғай тестілеу сұрақтарының арасында «Сыра зауытының ашылған уақыты» деген сауал бар. Бұл оқушыларға қаншалықты қажет?! Кеше осылай деп атыраулық ата-аналар ашынған еді.
 
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысыннан кейін Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповтен журналистер мәнсіз сұрақтың жауабын сұрады.
 
2-маусым күні Атырау облысында 1045 оқушы тест тапсырды.
 
Олардың жинаған ұпайлары әзірге белгісіз. Ал, еліміз бойынша ҰБТ алғашқы күні тәртіп бұзған 13 оқушы дәрісханадан шығарылса, оның 10-ы - Атырау облысының түлектері.
 
Мұнайлы қалада ол күні тест 3 сағатқа кешігіп басталған еді. Оқушылардың қалта телефоны мен көмек қағаздарын алып кіремін, деген әрекеттері осыған әкелді. Тәртіп қадағалаушылар тест тапсырушыларды жіті тексеріп, 2000-ға жуық телефон жинады.
 
Жанат Қартабаева, ата-ана:
Кеш басталды. Сағат 8-де келдік, 12-де кірді. Балаға қиын.Тек мен, емес, барлық  ата-ана айтады.
 
3-маусым күні апелляциялық шағым түсіруге келгендердің дені - үздік оқушылар. «Грантқа түсемін», деген талапкерлердің арманы күл-парша болды.
 
 «Ата-аналар тест алдындағы болған қатаң бақылау осындай жағдайға душар қылды», дейді. Онымен қоса, тестке енген келеңсіз сұрақ жанайқайды екі еселеді.   
 
Марат Жүнісқалиев, ата-ана:
Қызым тестке әзірленгенде қараймын. «Алматының сыра зауыты қашан ашылды?,  «Махамбеттің руы кім?», деген сұрақтар бар. Ол балаларға рушылдыққа салынбаймыз, жүзге бөлінбейміз дегеніміз қайда?
 
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысынан кейін журналистер осы сұрақтарды Білім және ғылым министріне қойған еді. Сұраққа нақты жауап бермеген Аслан Сәрінжіпов апелляциялық комиссияға шағымдансын, деп қысқа қайырды.
 
Аслан Сәрінжіпов, ҚР Білім және ғылым министрі:
Сұарақтар болса, апелляциялық комиссия бар. Оқушылар сонда барып, пікірлерін айта алады.
 
Сәкен Сейітханұлы, тілші:
Министрдің келеңсіз сұрақ жайында  еш хабары жоқ.Аслан Сәрінжіпов алдағы күндері Ұлттық бірыңғай тестілеу тапсыратын түлектерге «тәртіп бұзбай, жақсы тапсырыңдар», деп тілек білдірумен шектелді.  Ал, сыра зауыты сынды келеңсіз сұрақтардың келу-келмеуін нақты айтып бере алмаған министр кімнен, қайдан естігені белгісіз, оқушылардың тәртіп бұзғанынан хабардар.
 
Сәкен СЕЙІТХАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу