Еуразия Ұлттық университетінің бір топ оқытушысы Брюссельде жүр. Олар Еуропалық одақтың білім саласындағы гранттарын жеңіп алу жолдарын, жалпы, «кәрі құрлықтың» беделді оқу орындарымен ынтымақтастықты арттыру мәселелерін талқылауда.
20 ұстаз бір апта бойы Бельгия мен Нидерланд елдерінің инновациялық бизнес және ақпараттық технология салаларындағы тың тәжірибесін игеретін болады.
Оксана Позднякова, Білім саласындағы жетістіктер халықаралық кеңесінің президенті:
Біздің мақсатымыз - Қазақстанның жоғары оқу орындары, оның ішінде Еуразия Ұлттық университеті туралы еуропалық институттарға кең мағлұмат беру. Өйткені, еуропалықтардың Қазақстанға деген қызығушылығы күннен-күнге артуда. Бизнес өкілдері сол жақта кәсібін ашқысы келеді. Осындай жоба арқылы екіжақты қарым-қатынасты дамытып, қазақстандықтарға Еуропалық комиссияның көптеген бағдарламаларына қатысуға мүмкіндік мол екенін жеткізу.
Жамалбек Түсіпов, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің «Ақпарат жүйелері» кафедрасының меңгерушісі, профессор:
Бізде ойлап табатын нәрсе көп. Ақылды, дарынды жігіттер көп. Солардың атқарған жұмыстары дұрыс іске аспай жатыр. Үкімет ақша бөледі. Бөлінген қаржыны қандай жобаларға, қалай тиімді жұмсау керек? Сол жағынан орындаушы студенттер, ғалымдар білмейді. Соны үйреніп жатырмыз. Елге келген соң шеберлік сабақтарын өткіземіз.
Нұрсұлу ҚАСЫМ