Астанаға 700-ден астам жас физик жиналады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанаға 700-ден астам жас физик жиналады

10.07.2014
Астанаға 700-ден астам жас физик жиналады

Төрт күннен соң Астанада физикадан халықаралық 45-ші олимпиада басталады. Бұл байрақты бәсекеге 90 елден 700-ден астам  физик  катысады.

Қазір айтулы шараның ұйымдастырылу жұмыстары тағы бір пысықталуда. Қазақстан атынан 5 оқушы қатысады. Оларды тек ұстаздар емес, бұған дейін осындай олимпиадаларда  топ жарған жүлдегерлер де дайындауда.  

Ернұр  Рысмағамбетов - 2002 жылы Индонезияда өткен физика олимпиадасының алтын жүлдегері. Талап пен таланттың арқасында 17 жасында жұлдызы жанды, алтын алды.

Әлемнің 5 үздік оқу орны қатарына кіретін Калифорния технологиялық институтына тегін түсті. Қаржыгер атанды, жаспын демеді, жиырмасында Уолл-Стриттегі банктердің бірінде қызмет атқарды. Қазір де қаржы саласында, бірақ туған жері - Қазақстанда.

Ернұр Рысмағамбетов, ҚР Ұлттық банкі «Ұлттық инвестициялық корпорация» АҚ басқарама төрағасының кеңесшісі:

2007 жылы оқу бітіргеннен кейін Америкада болған кезде «JP MORGAN CHASE» банкінде Уолл-Стритте және Санта-Моникада қызмет еттім. 2008 жылы  Қазақстанға қайтып келіп, қаржы, инвестиция  саласында қызмет атқардым. Қазір Ұлттық банктің инвестициялық  корпорация төрағасының кеңесшісімін.

Негізгі жұмыстан бөлек  Ернұр Ұлттық құраманы жаттықтырады, тәжірибесімен бөліседі. Меже жаман емес, алтыннан үміткерлер бар. Қазір қазақстандық 5 жас физик соңғы дайындықтарын пысықтауда.

Қайсарбек Өмірзақов, жас физик:

Бүкіл университеттер осы олимпиаданы біледі. Жеңімпаздарды олар өз университетіне шақыруға тырысады. Сондықтан, осы олимпиадада жеңгендерге, үлкен университетерге жол ашылады.

Олимпиадаға келсек, ертеңнен бастап, елімізге 700-ден астам қатысушы келе бастайды. 88 елдің жас физиктері өзара мықтыны анықтайды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, олар олимпиададан бөлек, Қазақстанның көрікті жерлеріне қызығушылық танытуда.

Ақжол Боранбай, ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы директорының орынбасары:

Мысалға айтатын болсақ Швейцария командасы келгеннен кейін Қазақстанда бір ай қалады екен. Тайвань елінің қатысушылары  бір апта қалады.  Ресей командасы үш күн бұрын келді.

45-ші халықаралық олимпиада 14 шілде күні ресми ашылады. Негізгі жарыстардан бөлек, әртүрлі мәдени спорттық, туристік шаралар да жоспарланған.

Ал, ең бастысы олимпиада дарындарды анықтап, білімі арқылы үлкен өмірдің белестерін бағындыруға жол ашады.

Дулат АБИБУЛЛАЕВ 

Хабарламаларға жазылу