Қай мамандыққа тапсырсам мүмкіндігім мол болады деп жүрген талапкерлерге ақпарат. Биыл Ұлттық бірыңғай тестілеудің орташа балы – 76. Ал кеше аяқталған кешенді тестілеудің орташа балы – 42.
Бұл туралы Білім және ғылым министрлігінің өкілдері хабарлады. Кешенді тестілеуге колледж бітірген түлектер мен былтыр тиісті ұпай жинай алмаған 87 мыңнан астам адам қатысты.
Олардың тек 33 пайызы қажетті елу балды жинай алды. Миинстрлік өкілдері биылғы мемлекеттік гранттар санын да жария етті. Биыл 34 165 мемлекеттік грант бөлінді. Оның 31 165-і күндізгі бөлімге, 500 грант сырттай білім алуға, 2 530 грант дайындық курсына тиесілі.
Биыл басымдық техникалық және технологиялық мамандықтарға берілді, 12 мың грант. Педагогикалық мамандықтарға 5864 грант, ауыл шаруашылығы мен ветеринария саласына 2650 грант бөлінді.
Такир Балықбаев, ҚР Білім және ғылым министрінің орынбасары:
Осы гранттардың барлығы 31 шілдеге дейін өтініштерін тапсырып, одан кейін сол өтініштердің негізінде республикалық конкурстан өтеді. Магистратураға байланысты мемлекеттік тапсырыстар туралы ақпарат бүгін жоғары оқу орындарына жіберілді. Сондықтан, ЖОО барған талапкерлердің барлығы сол жерден ала алады.
Дулат АБИБУЛЛАЕВ