Елордалық білім қызметкерлерінің «Тамыз кеңесі» өтті (толығырақ) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордалық білім қызметкерлерінің «Тамыз кеңесі» өтті (толығырақ)

22.08.2014
Елордалық білім қызметкерлерінің «Тамыз кеңесі» өтті (толығырақ)

Еліміздің оқу орындарында жаңа мамандық пайда болады. Педагог-медицина қызметкері деп аталатын маман иесі мектеп жасына дейінгі балалармен жұмыс істейді, деп көзделуде.

Астанада өткен білім қызметкерлерінің республикалық «Тамыз кеңесінде» бұдан бөлек, жаңа мектептер, балабақшалар мен колледждер ашу және білім беру процесіне қатысты басқа да өткір мәселелер қаралды.

Мамандардың айтуынша,   ҰБТ форматын жетілдіру бойынша қолға алынған ауқымды жұмыс жыл соңына дейін аяқталады.

Бұл жиын ұстаздардың ғана емес, сонымен қатар,  ата-аналардың да басын қосты.

Ержан Рақышев «Тамыз кеңесіне» алғыс айтуға арнайы келген. Оның айтуынша,  бүгінде білім саласының асығы алшысынан түсіп тұр, жеткен жетістік, толайым табыс жетеді.

«Соның арқасында болар, қызым Ұлпан ҰБТ-ден 125 балл алды», дейді қуанышы қойнына сыймаған ата-ана.

Ержан Рақышев, ата-ана:

 Қызым екі жыл бойы дайындалды. Таңдаған пәні - ағылшын тілі болатын. Қазақстандағы білім саласына көңілім толады. Әрбір оқушы өз білімін осы тест арқылы көрсете алады.

Бүгін жиында күрмеуі көп күрделі мәселелер де айтылды. Нақтырақ айтсақ, Қазақстанда 70 мың оқушыға орын жетіспейді. Үш ауысыммен оқытатын мектептер саны - 103. Елімізде маман тапшы.

Бүгінде мектепке дейінгі білім мекемелерінде 60 мың педагог еңбек етеді. Олардың ішінде 19 мыңы - жас маман. Жоғары мамандандырылған педагогтар үлесі 20 пайыз. Сондай-ақ, әлі күнге дейін 176 апатты жағдайдағы мектеп бар.

Гүлшара Әбдіқалықова, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:

Үш ауысыммен сабақ беретін және апатты мектептерді жою жұмыстары жалғасуда. Оларды жергілікті атқарушы органдармен және жеке сектормен бірлесіп,  5 жылдық мерзім ішінде жоюдың кезең-кезеңдік жоспары жүзеге асырылуда. Биылғы жылдың соңына дейін апатты мектептер картасы әзірленеді. Мемлекет басшысы белгілеген межеге қол жеткізуде білімі жоғары адами капитал қажет. Әсіресе, ауылды жерлерде білімді мықтап қолға алу керек.

Алдағы уақытта межелі міндеттер тұр. Мәселен, биыл 73 мектептің құрылысы аяқталады. 2015 жылы республикалық бюджет есебінен тағы 47 мектепті пайдалануға беру жоспарланған. 2014-2016  жылдары жалпы саны 258 мектеп салу көзделіп отыр. 

Сондай-ақ, бұдан былай мектепке дейінгі жаңа ұйымдар ашуға ден қойылады. Нәтижесінде 3-6 жас аралығындағы барлық балалар мектепке дейінгі біліммен қамтылады және олардың саны 1 миллионнан асып түспек.

 

Индира БЕГАЙДАР

Хабарламаларға жазылу