Дуальды оқытудың пайдасы зор - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Дуальды оқытудың пайдасы зор

05.11.2014
Дуальды оқытудың пайдасы зор

Серік Тоқтамұратұлы Қарағанды политехникалық колледжінің түлегі. Алғашында ол зауытқа оқу орны тарапынан жасалған арнайы келісімшарт бойынша іс-тәжірибеден өтуге келген.

Дипломдық жұмысын да осы қазақ-түрік бірлескен кәсіпорнында сәтті қорғап, жұмысқа қабылданды. Америкалық «CAT» маркалы ауыр техникаларды сервистік жөндеу, құрастырумен айналысатын зауытта қазір механик болып жұмыс істейді.

Серік Тоқтамұратұлы, механик:

Біраз заттар үйреніп қалдық. Тәжірибеде үйренгендерім үлкен көмек болды. Осындағы аға механиктер жақсы. Өздерінің көрген, білгендерін үйретеді.

Жыл санап ел индустриясы дамып келеді. Ашылып жатқан жаңа кәсіпорындарға білікті мамандарды дайындауға мән берудің маңызы зор.

Мәселен, Қарағанды политехникалық колледжі кәсіби-техникалық бағыттағы 19 мамандық түрі бойынша білім береді. Мұнда оқытудың дуальды жүйесі тиімді пайдаланылып отыр.

Теориямен қатар практикалық дәрісті қатар алу, заманауи техникалық база студенттер үшін жан-жақты білімнің кілті.

Бұған қоса колледж тарапынан дуальды оқыту жүйесі негізінде өңірдегі кәсіпорындармен әлеуметтік серіктестік келісімшарты жасалған.

Мүбәрак Хасенов, Қарағанды политехникалық колледжі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары:

Бұл дуальды жүйе бізге өте көп мүмкіншілік беруде. Оқушылардың оқуға деген ынтасы артады. Себебі, ол келешекте мықты маман болса соғұрлым пайда болатынын біледі.

Бүгінгі таңда дуальды білім беру жүйесі әлемнің дамыған елдерінде кәсіби-техникалық кадрлар дайындау бағытында кеңінен қолданылады.

Елімізде мұндай білім берудің озық тәжірибесін оқу орындарында қалыптастыруды Елбасы да бірнеше мәрте атап өтті. Индустриясы кең қанат жая бастаған Қазақстан үшін бұл өте маңызды.

 

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу