Оқушының ғылыми жобасы облыста үздік атанды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оқушының ғылыми жобасы облыста үздік атанды

13.11.2015
Оқушының ғылыми   жобасы облыста  үздік атанды
Оқушының ғылыми   жобасы облыста  үздік атанды

Өскемен қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 10 «D» сынып оқушысы Жәмилә Желпакова жобасы мектеп оқушылары арасындағы облыстық байқаудың үздік инновациялық жобасы атанды. Оқушы жол жөндеудің жаңа технологиясын ұсынған болатын.

Шығыс Қазақстан облыстық «Алтай» паркінде оқушылардың шығармашылық қабілеттерін және инновациялық идеялар мен ұсыныстарын іске асыруды анықтау, жас зерттеушілер мен жастарға жағдай жасау мақсатында ұйымдастырылған байқауға биыл 42 оқушы 32 жоба ұсынды. Байқауға арналған жобалар қыркүйектің басында-ақ таныстырыла бастаған болатын. Ал, қазылар алқасы соңғы шешімді қарашада шығарды.

Байқауда оқушылардың ғылыми, инновациялық, шығармашылық және өнертапқыштық ойлау қабілетін нығайту да көзделген. Облыстық байқау алдына қойған міндетін орындаған сыңайлы. Оған қатысушылардың түрлі жобаларды ұсынуы дәлел болады.

Оқушылар арасындағы ғылыми жобалар байқауында үздік жұмыс ұсынған Жәмилә Желпақова Өскемендегі химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы. Ол жолдарды пайдалану мерізімін ұзарту мақсатында өз жобасын ұсынған. Оқушы өз жобасында жолға төселетін заттардың өзіндік құнының арзан болуы, қоршаған ортаның әсерлеріне, ауа-райының күрт өзгерістеріне төзімділігі ескерген. Жол қауіпсіздігі, жаңа технологияларды қолдануды да назардан тыс қалдырмаған.

Жас ғалым жол жөндеу және жаңа жолдар салу ісінде ғылыми жаңалықтарға сүйенуді құп көреді. Ал, қазылар алқасы оқушы жасаған жобаның іс жүзінде қолданылу мүмкіндігі бар екендігін, теориялық және тәжірибелік құндылықтарын жоғары бағалаған. Нәтижесінде, ғылыми жоба облыста «Оқушының үздік жаңашыл жобасы» атанып отыр.


Kaznews.kaztrk.kz

Хабарламаларға жазылу