Елордалық ата-аналардың назарына. Осы сенбі күні сағат 11:00-де алғаш рет «Арай» саябағында «Мамандықтар қаласы» атты балаларға арналған ірі интерактивті жобаның тұсауы кесіледі. Сол жағалаудағы саябақ бір күнге жұмыс жәрмеңкесіне айналады. Жасы 2-18 жас аралығындағы кез келген бала осы жерге келіп, «жұмысқа» орналаса алады. Алдымен, шеберлік сыныбынан өтеді. Кейінірек, балаңыз құрылысшы болуды қаласа, арнайы алаңда кірпіш қалап, үй тұрғызады. Еңбегі елеусіз қалмайды. Өз ісінің майталманы болған балғындарға ұйымдастырушылар жалақы төлейді. Балғындар 100-ден астам мамандық түрімен танысып көреді. «Әрине, интерактивті саябақта балғындардың ойнауына да орын бар», - дейді жоба авторы Татьяна Люлька. Ол бұған дейін «Мамандықтар қаласы» жобасын Украинаның барлық қалаларында өткізген. Жобаға жалпы саны, 326 мың бала қатысқан.
Ғабит БӨКЕНБАЙ