Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті Бельгияда өкілдігін ашты. Мақсат -университеттің білім беру имиджін халықаралық аренада паш ету. Оқу ордасы бүгіннен бастап Брюссельдегі «Қазіргі заман және зерттеу институтының» базасында өз қызметін жетілдіретін болады. Яғни, білім ошағы қарт құрлық елдерінің озық университеттерімен тәжірибе алмасып, Еуропалық Одақтың білімді қаржыландыру бағдарламаларына белсене қатысуды көздеп отыр. Осы іскерлік аясында Оңтүстік қазақстан педагогикалық университетінің ұстаздары Еуропа студенттеріне дәріс оқитын болады.
Мадияр Юнусов, оңтүстік қазақстан педагогикалық университетінің президенті:
- Біздің өкіліміздің жұмысы осы Еуропа еліндегі университеттермен бірге тығыз байланыс жасау және студенттердің академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша Қазақстанға келіп білім алуы. Сонымен қатар, Еуропадағы университеттермен бірге ғылым және білім бағдарламаларын бірге жасау.
Біз Барселона университетімен бірге тығыз жұмыс жүргізіп жатырмыз. Болашақта осы университеттен де өкіл ашу жоспарлануда.
Екатерина Царанок, «Modern education & research»интитутының директоры:
- Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің өкілдігін біздің институт жанынан ашқанына қуаныштымыз. Біз университеттің білімді жаңғырту және халықаралық академиялық қоғамдастыққа еркін ену сынды алға қойған мақсат-міндеттерін жүзеге асыруға көмектесеміз. Ұстаздардың Бельгияның жоғарғы оқу орындарында кәсіби біліктілігін арттыруды ұйымдастырамыз.
Нұрсұлу ҚАСЫМ