Елімізде 285 мыңнан астам мұғалім жұмыс істейді. Соған қарамастан, 5 мыңға жуық маман жетіспейді. Бұл туралы бүгін Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің отырысында айтылды. Қазіргі таңда педагогтың орташа еңбекақысы 99 мың теңге. Ал, еліміздегі орташа жалақы 140 265 теңге. Төмен жалақы салаға талантты әрі дарынды жастарды тартуға мүмкіндік бермей отыр. Ұлттық бірыңғай тест бойынша шекті ұпайдың төмендігі бұл салаға қызығушылығы жоқ жастардың келуіне себеп болып отыр. Ал, диплом алғанымен түлектердің біразы өз мамандығымен жұмыс істемейді. 2015 жылы Қазақстанда педагогикалық мамандықтар бойынша оқуын тәмамдаған жастардың тек 35 пайызы жұмысқа тұрған. Өкінішке қарай, мұғалім болғысы келмесе де, педагог мамандықтарға оқуға түсетін жастар азаймай отыр.
Әбдіманап Бектұрғанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Мұғалімдіктің беделін, мәртебесін көтеру үшін біз кейбір педагогикалық оқу орындарына квота беріп жатырмыз. Квота бергеннен кейін олар төмен балмен оқуға түсе алады. Сондай болмас үшін меніңше, біртіндеп педагогикалық квоталарды алып тастау керек.
Индира БЕГАЙДАР