Шымкенттік оқушы АҚШ-тың үздік 12 университетінің грантын жеңіп алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкенттік оқушы АҚШ-тың үздік 12 университетінің грантын жеңіп алды

17.04.2018

Оңтүстік Қазақстан облысында Ақарыс Егізбай есімді мектеп оқушысы АҚШ-тың ең үздік елулігіне енетін 12 университетінен оқуға шақырту алды. Арнайы грант берген жоғары оқу орындарының қатарында Ричмонд /Richmond/, Колгейт /Colgate/ университеттері мен Бейтс /Bates/, Кенион /Kenyon/, Франклин және Маршал колледждері бар. Бірнеше тілді жетік меңгерген қабілетті жас биыл химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебін «Алтын белгіге» тәмамдағалы отыр.

Ақарыс жоғары оқу орнына әзірлікті 9-сыныпта оқып жүрген кезінен бастады. «SАТ» деп аталатын халықаралық емтихан талаптарын түгел зерделеп шықты. Сынақ екі бөлімнен тұрды. Оның бірі математика пәнінен, екіншісі, сыни ойлау. Тыңғылықты дайындықтың арқасында Ақарыс математикадан қойылған 800 сұрақтың 790-на дұрыс жауап берді.

Ақарыс Егізбай, 12-сынып оқушысы:

- 2015 жылдың қысынан бастап арнайы емтихандарды тапсыра бастадым. Ең алдымен ағылшын тіліне көп назар аудардым. Мысалы, математикаға дайындалдым, бірақ, негізгі мақсат ретінде ағылшын тілін дамыттым.          

Ақарастың таңдауы АҚШ-тың университеттеріне түсуі тектен тек емес. Бұл елдің білім беру жүйесі бірегей және оқу ордалары әлемдік рейтингте жоғары көрсеткішке ие. Ой тереңдігі, дұрыс бағдарлау, жылдам шешім қабылдау. Ең бастысы, қиялдың ұшқырлығы. Ұстаздары «Ақарыстың жетістігінің сыры осы қасиеттерінің арқасы», - дейді.

Серік Жармұқанбет, физика пәнінің мұғалімі:

- Осы қасиет Ақарыста бар. Өте күрделі есептерді қиялының ұшқырлығымен, арадағы заңдылықтар, қайшылықтар арқылы сараптай отырып, аз уақытта шешеді. Бір қуантатыны, қымбат нәрсе уақыт қой. Мұның жетістігі соны біліп, ісін жоспарлауында .

Ақарысты қобалжытқан екінші сынақ болды. Яғни, сыни ойлау бойынша мотивациялық эссе жазу. Талапты өрен өз бетінше ізденіп, ағылшын тілінде «Менің өмірімді өзгерткен кез» тақырыбында еркін шығарма жазды. Мұндағы басты ерекшелік, 12 оқу орнына жолданған шығарма бір-біріне ұқсамайды. Ой мен көркемдік жағынан әрқайсысы бөлек.

Ақарыс Егізбай, 12-сынып оқушысы:

- Ол жерде тек қана білімді ғана сынап қоймайды, адамды тұлға ретінде сынауға тырысады. Креативтілікті тексереді. Эссені өте ұзақ жаздым. Бір ай кетті. Өзімнің басымнан өткен оқиғаны сыни тұрғыда жаздым.

12 ЖОО ішінде Ақарыстың таңдауы Кеньон колледжіне түсті. Осында инжинерия мамандығын  игеріп шықпақ. Білім ордасы 4 жыл бойына қазақстандық студенттің сонда өмір сүруі және оқу ақысының шығынын толық өзі төлейді. Ақарыстың ендігі мақсаты - Америкадан білікті маман болып оралып, өз еліміздің игілігі үшін қызмет ету.

 

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

Хабарламаларға жазылу