Аршалыда дарынды балаларға деген қолдау ерекше. Бүгін аудан орталығында өнертапқыш оқушылардың өңіраралық форумы өтті. Форумда Ақмола облысының аудандарынан келген жиырмаға жуық оқушының жұмысы көпшілікке көрсетілді. Бірі «ақылды үй» ойлап тапса, енді бірі алуан түрлі ауыр техникалардың жаңа үлгілерін жасап шыққан. Бүгінгі жиыннан кейін оқушылар жобаларын жетілдіріп, 19-мамыр күні роботтық техника бойынша Көкшетауда өтетін облыстық сайысқа қатысады. Сыннан сүрінбегендер осы жылдың қазан айында Петропавлда болатын республикалық жарыста бақ сынайды.
Айта өтейік, Аршалы жастарының инновациялық жобалары жергілікті кәсіпкерлердің көмегімен жуық арада жүзеге асырылмақ.
Айжан Жекеева, «Қазроботикс» федерациясының президенті:
- Балалар сервистік роботтарды алып келіп тұр. Бұлар осы аудан мектептерінің мақтаныштары. Біз оларды жақында жоспарлап отырған сайыстарымызға шақыру үшін келіп тұрмыз.
Талғат Абылқасымов, Аршалы ауданы білім бөлімінің басшысы:
- Кәсіпкерлердің басын қосқанымызда олар өздері ұсыныс түсіріп, «өзіміздің туған елден шығып жатқан балалардың инновациялық бастамаларын қолдап, ең керемет деген жобаларға грант бөлеміз» деп, қызығушылық танытып отыр. Президентіміз айтқан тапсырма Аршалы жерінде орындалып жатыр. Сөзбен емес, іспен көрсетіп жатырмыз.
Досымжан ЕРМҰРАТ