Алматыдағы мектептердің бірінде түлектерден ақша жинады деген дау шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыдағы мектептердің бірінде түлектерден ақша жинады деген дау шықты

02.05.2018

Алматыда №156 жалпы білім беретін мекемеде мектеп бітіруші түлектерден ақша жинады деген дау шықты. Осыдан тура бір ай бұрын аты-жөнін көрсетпеген ата-ана әлеуметтік желілердің біріне мектепте бітіру күніне 100 мың теңгеден қаржы жинап жатыр, деп ақпарат таратқан. Алайда, белгісіз жанның қалалық Білім басқармасының сайтына жазған хаты оқушылардың да, ұстаздардың да бас ауыртар базынасына айналыпты. 

Айжан Қазыбекқызы №156 жалпы білім беретін мектептің 11-«б» сыныбында оқиды. ҰБТ-ға аз ғана уақыт қалғандықтан, таңнан кешке дейін мектепте жүр. Оқушы әлеуметтік желі арқылы тараған ақпараттың шындыққа жанаспайтындығын жеткізді. Өйткені, оның сөзінше, сыныптастарының тек бір мақсаты бар. Жоғары балл алып, университетке түсуді көздеп отыр. Ал, кешті ойлауға шамалары жоқ.  

Айжан Оталиева, 11-сынып оқушысы:

- Бұл жалған ақпарат. Оның қайдан шыққанын да білмейміз. Біз үшін де бұл таңғаларлық жағдай. Сондықтан, ондай жалған ақпаратты тарату керек емес деп ойлаймын.

Әсел Әбдіқалықова, 11-сынып оқушысы:

- Біздің мектепте ақша жиналмайды. Мұның бәрі жалған ақпарат. Кімнің таратқаны бізге де беймәлім. 11-сыныпты бітіріп отырғанда кері әсерін тигізіп жатыр.

Мектеп бітірушілердің ата-аналары да әлеуметтік желілерде тараған жазба шындықтың ауылынан алыс, деп отыр. Себебі, бұл олардың үміт күтіп отырған балаларының ішкі жан-дүниесіне кері әсер еткен көрінеді. Сондықтан, желдей ескен сыбыс түлектердімен бірге, әке-шешелерін де әлекке салған.  

Бұл жағдайға қатысты тиісті министрліктің жауабы біреу. Олар мектеп бітіру кешін ұйымдастыру үшін ата-аналарға ешқандай тыйым салмайды.  

Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым вице-министрі:

- Тыйым салу мәселесіне қатысты бұған мектептер бүгін араласып жатқан жоқ. Бұл қаржыны мектептер оқу бітіруіне байланысты жинап жатқан жоқ. Сондықтан, бұл ата-аналардың тарапынан болып жатқан мәселе. Әрине, біз бұл мәселені құптамаймыз.

Ал, білім ошағының директоры ата-аналарға үш жылдан бері ақша жинауды ұмытыңдар, деп талап қойған. Содан бері ешкім бұл мәселені қозғамапты.  

Гүлнар Ахметова, №156 жалпы білім беретін мектептің директоры:

- 100 мыңнан ақша жинаған деген ақпарат жалған. Бізде ақша жиналмайды. Бәрі тегін. Ата-аналардың әрқайсысының қолхаттары бар.  

Жалпы, оқу жылының аяқталуына санаулы күн қалды. Ал, оқушылардың ҰБТ-ға дайындалудан басқа жағдайға ойланатын уақыттары жоқ. Себебі, олар білім жарысында мектептің абыройын сақтап, ата-аналарының үмітін ақтағысы келеді.

 

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу