ШҚО-да 400 мектеп түлегі ЖОО-на облыс әкімінің білім грантымен түсті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ШҚО-да 400 мектеп түлегі ЖОО-на облыс әкімінің білім грантымен түсті

11.09.2018

Шығыс Қазақстан облысында биыл 400 мектеп түлегі жоғары оқу орнына облыс әкімінің білім грантымен түсті. Жергілікті бюджет есебінен оқытатын «Білікті маман» бағдарламасы өңірде былтырдан бері іске асып келеді. Өткен жылы 200 балаға тегін оқу бұйырды.

Биыл облыс әкімінің гранты арқылы Өскемендегі мемлекеттік университетке түскен Александра Белюкова 4 жыл бойы тегін білім алады. Оның оқуының ақшасы облыстық бюджет есебінен төленеді. «Осындай грант үшін шекара асқанша елде оқығанды жөн көрдім», - дейді ол.

Александра Белюкова, I-курс студенті:

-Мектепте оқып жүргенде, өз қаламда қалып, осы университетке оқуға түсуді қалап жүрдім. Мұндай мүмкіндік туды, қазір міне I-курс студентімін. Облысымыздың басқа аудандарынан келген студенттерге жатақханадан орын берілді. Шәкіртақы аламыз.

Сондай-ақ, биыл алғаш рет жергілікті бюджет есебінен 46 түлекті жоғары оқу орнында оқытуға мемлекеттік тапсырыс түсті. Осылайша, оңтайлы шешімдердің нәтижесінде бір жылда ғана өңірден өзге елге білім іздеп кеткен жастар саны азайды.

Қажымұқан Оспанғалиев, облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары:

-Шығыс Қазақстан облысының мектеп бітіруші түлектері шет елдің жоғары оқу орындарына кетуінің саны азайып келе жатыр. Егер  2016 жылы мұндай көрсеткіш 1800 адамды құрайтын болса, 2017 жылы, былтырғы атқарған іс-шараның нәтижесінде 890-ға жетті. Ал биыл осы гранттардың мемлекеттің білім беру тапсырыстарының көбеюінің арқасында 636 орынға азайып отыр.

Жергілікті қазынадан қаржыландырылатын білім гранттары аймақтағы сұранысқа ие мамандықтарға бөлінген. Мәселен, техникалық, педагогикалық және технологиялық бағытта кадр даярлауға ден қойылып отыр. Жаңа мамандықтар да ашылған.   «Білікті маман» жобасы бойынша грантка тек осы аймақтағы мектептің түлектері ие болады. Бағдарламаға студенттердің 4 жыл оқуын түгел есептегенде, барлығы 5 миллиард теңгеден астам қаржы қаралмақ.

Берік КӨШЕРБАЙ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.    

 

Хабарламаларға жазылу