Жамбыл облысының Қордай ауданындағы мектеп-интернаты жаңа оқу жылына әлі дайын емес. Себебі, білім ошағында құрылыс жұмыстары аяқталмаған. Сондықтан, Абай атындағы мектептің 300-ден астам оқушысын аудандағы бірнеше білім ошақтарына бөліп жіберген. Ал, мектептің қашан тапсырылатыны әзірге белгісіз.
Оқушымен ажары ашылып, базары басталуы тиіс білім ұясының бүгінгі сиқы осы. Қарбаласқан құрылыс алаңына айналған. Анығы, қаңырап қалған мектеп-интернатында құрылыстың бүгін-ертең аяқталар түрі жоқ. Қос мердігер соттасып жүргенде, жөндеу жұмыстары оқу жылының басында әзер басталыпты.
Қайрат Ершібұлов, Қордай ауданы білім бөлімінің инженері:
- Бір мердігер мен екінші мердігер таласып, сот шешімі бойынша 16 шілдеде кезінде тоқтаттық. Неге десеңіз, шешім сондай. Сөйтіп 25 тамызда бастадық. 40 күн науқан кезінде уақытты жоғалтып алдық.
Облыстық Білім басқармасы бұл берекетсіздіктен бейхабар сыңайлы. Өйткені, 1 қыркүйек күні басқарма басшысы дүйім жұрттың алдында өңірдегі барлық мектеп жаңа оқу жылына дайын деп мәлімдеген болатын.
Рахия Сейітбекова, облыстық Білім басқармасының басшысы:
- 14 мектепке күрделі жөндеу жүргізілген болатын. Соның бәрі жұмыстарын аяқтады. Бүгінде балалардың бәрі мектепке барды.
Өз мектебіне бара алмаған 300-ден астам оқушы аудан орталығындағы өзге 4 білім ошағына амалсыз қатынап жүр.
Шынар Саурықова, Абай атындағы мектеп директоры:
- Тасымалдау ұйымдастырылған, екі ауысыммен балаларды тасимыз.
Ата-аналар көшіп-қонып жүрген балаларының қауіпсіздігі үшін алаңдайды. Бәрінен бұрын күн суытып кетсе оқушыларға қиын болайын деп тұр.
Өңірде жыл санап оқушы саны артып келеді. Мәселен, биыл 27 мыңға жуық бүлдіршін мектеп табалдырығын аттаған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 11 мың балаға көп. Соған сәйкес мектептердің құрылысы мен күрделі жөндеуі үшін бөлінген қаражат та бұрынғыдан қомақты. Алайда, қаржыны уақытында игеріп, құрылысты мерзімінде бастамағанның салдары оқу процесіне кесірін тигізуде.
Сәбит ӘЛДЕБАЙ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.