Қазақстанда жоғары білім алу қаншалықты қолжетімді? Бұл сұрақ бірер жыл бұрын өзекті болса, биыл біршама шешімін тапқандай. Себебі, мемлекеттік грант саны екі есеге көбейтілді. Елбасы тапсырмасымен былтыр қосымша 10 мың білім беру гранты бөлінсе, биыл тағы 20 мың грант қосылды. Сондықтан оқимын деген талапкерге елімізде жоғары оқу орнына түсу бұрынғыға қарағанда әлдеқайда оңай. Дей тұрғанмен, талапкерлер көп таңдайтын, оқуға түсу қиын мамандықтар да жоқ емес. Міне, сұраныс жоғары сондай мамандықтарға тегін оқуға түсіруде бірқатар заң бұзушылықтар анықталды.
Президент биыл құзырлы министрлікке елдегі 131 жоғары оқу орнының санын қысқартып, сапаны арттыруды тапсырды. Бұл бастама талай қолға алынып, сәтсіздіктер болған. Бірақ, бұл жолы министрлік нарықтық әдіспен білім ордаларының санын азайтпақ. Оқу орындарының рейтингі түзіледі. Ондағы басты көрсеткіш түлектердің жұмысқа орналасуы болмақ. Яғни, бітірген студент жұмысқа тұрса білім сапасы бар, дипломымен бос жүрсе сапа жоқ. Осы әдіспен тек биыл 18 жоғары оқу орнының лицензиясы қайтарылып алынған.
Талғат Ешенкулов, ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің төрағасы:
-Кешенді жұмыстар атқарылып жатыр. Оның бірі күні кеше қабылданған жаңа заң. Осы заң бойынша әр оқу орны өзінің бағдарламасын әзірлейді.
Оқу орындарының академиялық еркіндігі туралы заңға сай оқу бағасына енді мемлекет араласпайды. Содан болар бірнеше университет биыл бағаны біраз қымбаттатқан. Мысалы, ұлттық статустағы Еуразия университеті 10 пайызға, қазақ Ұлттық университеті 5-7 пайызға қымбаттатқан.
Ең қолжетімді бағалар Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты университеттерде. Мысалы, Агротехникалық университетте осы оқу жылы орташа баға 375 мың теңге. Биотехнология, ақпараттық жүйелер, есептеуіш техникалар мен бағдарламалық қамтамасыз ету және радиотехника мамандықтарына бакалавр бағасы 400 мың, өзгелерге 350 мың. Ең жоғары сұраныс медициналық мамандықтарға болып тұр.
Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
-Біз мемлекеттік грант беруді азайта бастадық. Себебі, 10 жыл бұрын бізге 6 мың дәрігер керек болды. Сондықтан да грантты да көбейттік. Қазір маман жеткілікті. Тек оларды өңірлерге тарату керек. Сондықтан да грантты көбейтуге мүдделі емеспіз. Қазір медицина саласындағы студенттердің отыз пайызы ақылы бөлімде оқиды.
Грант аз, сондықтан да бәсекелестік жоғары. Талапкерлер тегін оқу үшін түрлі заң бұзушылыққа да баруға дайын. Мысалы, былтыр Астана медицина университетінде тегін оқу үшін 117 адам ағылшын тілінің IELTS сертификатын сатып алған. Олардың барлығы оқудан қуылып, қылмыстық іс қозғалды. Тіпті, кейбіріне қатысты жуырда сот үкімі шыққан. Жалған сертификат тапсырғандар қандай жаза алғанын қалалық соттан телефон арқылы білдік.
Ботагөз Баянова, Астана қалалық сотының баспасөз хатшысы:
-Астана қаласы Сарыарқа аудандық нөмірі 2 сотында IELTS жалған сертификатын пайдаланған 32 тұлғаға қатысты қылмыстық істер қаралды. Сот өкімімен аталған тұлғалар кінәлі деп танылып, 34 адамға қатысты 25 МРП айыппұл түріндегі жаза тағайындалды. Қазіргі уақытта сот үкімдері заңды күшіне енді.
Биыл бірінші рет 84 мың мектеп бітірушіге 60 мыңға жуық грант бөлінді. Яғни, бәсекелестік бір орынға екі адамнан да аз деген сөз. Гранттың көбеюі ақылы бөлімге баратын студенттер санының азаюына әсер еткен. Алдағы жылы да бұл үрдіс жалғаса бермек.
Дулат АБИБУЛЛАЕВ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.