Жаңартылған білім беру мазмұны, оқушыларды бағалау, сөмкелерінің салмағы мен электрондық оқулықтар. Үкімет отырысында білім беру жүйесіндегі өзекті мәселелер талқыланды. Ал Президенттің Жолдау кезінде мектеп тапшылығын жойып, үш ауысымнан арылу үшін жаңа білім ордалары салынады. Келесі жылы ол үшін қосымша 50 млрд. теңге бөлінейін деп отыр.
Жаңартылған білім беру мазмұны енгізілгелі сауалдар мен түйткілдер азайған емес. Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев ата-аналар жаңа жүйені әлі де түсіне алмай жатқанын жеткізді. Сондай-ақ, жылда жыр болатын сөмкелердің салмағы биыл да қайта көтерілді. Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев бұл мәселені шешу үшін 5-6 жыл беруді өтінді. Өйткені, кітаптардың барлығын жеңіл қағаздан жасау үшін де, электрондық оқулықтарға көшу үшін де біраз уақыт қажет. Ал әзірге балалар арқаларына артылған «ауыр жүкке» шыдай тұруы тиіс.
Оқушылардың дорбаларын жеңілдетудің тағы бір амалы – мектептерде кітап қалдыратын арнайы шкафтар қою, - дейді министр. Ал кей өңірлерде шкаф қоймақ түгіл, оқушыларға орын жоқ. Еліміз бойынша 127 мектеп үш ауысыммен білім береді. Ал, Алматы, Ақтөбе, Түркістан, Ақмола облыстарындағы 371 білім ордасы тамақтандыру мәселесін шеше алмай отыр.
Нұрлан Ноғаев, Атырау облысының әкімі:
-Бізде аталып өткендей 2 апаттық жағдайдағы мектеп және 11 үш ауысымды мектеп бар. 16 мектептің құрылысы жүріп жатыр 16 млрд-қа. Біз бұл жұмыстарды жүйелі түрде жүзеге асырамыз. Әрине, үш ауысымды мектептерді жоюға сіздердің қолдауларыңызды сұраймыз.
Жансейіт Түймебаев, Түркістан облысының әкімі:
-Біздегі өзекті мәселелердің бірі – 7 апатты мектеп және 8 үш ауысымды мектеп.
Өңірлердегі мектеп тапшылығын жою үшін үш жылда ел бойынша 80 ғимарат салып беру көзделіп отыр. Сондай-ақ, Премьер-министр бұл мәселені шешу үшін бюджетке ғана сенім артпай, бизнес өкілдерін де тартқанды жөн көретінін жеткізді.
Альбина ӘШІМ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.