72 мыңнан астам қазақстандық Ресейде білім алып жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

72 мыңнан астам қазақстандық Ресейде білім алып жүр

17.10.2018

Жастарымыздың көбісі Ресейдің оқу орындарын таңдайды. Соңғы мәліметтерге қарасақ, бүгінде олардың жалпы саны 72 мыңға жуық екен. Және олардың  жартысына жуығы - Ресей мемлекетінің грантына оқып жүрген жастар. Бұл туралы Астанада өткен Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше елдер Білім министрлерінің басқосуында Ресейдің Жоғарғы білім және  ғылым вице-министрі Марина Боровская айтты. Қазақстандық түлектердің Ресей жоғарғы оқу орындарын таңдауы белең алып бара жатқанын соңғы Жолдауында айтқан Елбасы бұл үрдісті отандық білім беру сапасына деген сенімсіздікпен байланыстырып, министр Ерлан Сағадиевке нақты тапсымалар жүктеді. Айта кету керек, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше елдер Білім министрлерінің кеңесі екі жылда бір рет өткізіліп тұрады. Биыл кеңеске Қазақстан төрағалық етіп, ынтымақтастықты арттыруға бағытталған меморандумға қол қойылды. 

Марина Боровская, РФ Жоғарғы білім және ғылым вице-министрі:

- Бізде Шанхай ұйымына мүше елдердің 170 мыңдай студенті оқиды. Оның 75 мыңға жуығы қазақстандық студенттер. Оның жартысынан азы біздің бюджет есебінен оқитындар.  Ал, Қазақстанда қанша Ресей азаматы оқитындығы туралы менде мәлімет жоқ. Бір аптадан соң Қазақстан мен Ресей үкіметаралық жиыны өтеді.

Дулат АБИБУЛЛАЕВ

Хабарламаларға жазылу