Илон Масктың компаниясы арқылы ұшырылған «Al-Farabi-2» наноспутнигінен алматылық оқушылар ақпарат ала бастады. Махатма Ганди атындағы лицейдің оқушылары қазір ғарыш аппаратынан келген ақпаратты зерттеп, болашақта наноспутник ұшыруды жоспарлап отыр.
Бұл оқушылар «Al-Farabi-2» наножерсерігін күнделікті бақылап отырады. Штаттық режимде жұмыс істейтін спутник Алматының үстінен тәулігіне екі рет өтеді. Осы кезде балалар сигналқабылдағышты іске қосып, аппаратпен байланысқа шығады.
Нұрсұлтан Кеңесбек, оқушы:
- Монитор арқылы біз оның траекториясын көре аламыз. Ол жаңа ғана Алматы қаласынан өткен болатын. Құрылғы бізде 10 жылдай жұмыс істейді. Кейін ол атмосфераға барып жанады.
Ерұлан Жиенбаев, М. Ганди атындағы №92 мамандандырылған лицей директоры:
- Біз былтыр осы мектептің демеушілерінің арқасында мектебіміздің шатырына спутниктік антенна орналастырдық. Яғни, 1 млн. теңгеге сатып алдық, арнайы. Яғни, осы Алматының үстінен өтіп жатқан кәдімгі жерсеріктерін біздің антеннамыз міндетті түрде, автоматты түрде байқап, оныдан сигнал қабылдап, оған бақылау жүргізе алады.
«Al-Farabi-2» наносптунигі былтыр желтоқсан айында АҚШ-тың Калифорния штатындағы ғарыш алаңында «Falcon 9» зымыраны арқылы ұшырылған. Жер серігі - 570 шақырым биіктікте. Ғалымдар осы құрылғымен Күн сәулесінің жер сілкіністеріне қандай байланысы бар екенін зерттеп жатыр. Сондай-ақ, атмосфераның жылынуы мен экологиялық қауіптерді де болжамақшы.
Озат Түйенбаев, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аға оқытушысы:
- Бұл спутниктің негізгі ерекшелігі, сандық форматта жұмыс істейді. Телематериал, деректерді, ақпаратты сандық деңгейде аналогты сигналдан он есе жылдам қабылдай алады. Көп кедергілерден өте алады. Мысалы, осы уақытқа дейін спутниктермен байланыс мегаполистің ортасында қабылдау мүмкін емес деп жүрсе, сандық деңгейге ауыстырған кезде біз қабылдай алдық.
Қаланың ортасындағы түрлі кедергілерге қарамастан, ғарыштан ақпаратты анық қабылдап отырған мектеп ұжымының жоспары көп. Алдағы уақытта әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдармен бірлесіп, наноспутник құрастырып, ғарышқа ұшырмақшы. Тіпті, оның жобасын да жасап қойған. Бірақ, оны іске асыру үшын қыруар қаржы керек. «Сондықтан, демеуші табылса, оқушылардың ғарышты зерттеуге деген ынта-жігерін арттыруға сеп болар еді»,- дейді мұғалімдер.
Аманкелді СЕЙІТХАН