Қазақ ұлттық аграрлық универсиеті әлемдегі ең үздік жоғары оқу орынымен бірігіп, маман даярлауды қолға алды. Мәселен, Нидерландтың Вагенинген университетінің ғалымдары мен біздің зерттеушілер Алматыда жүздесіп, оқу жүйесі мен ғылыми жұмыстар жайын талқылады. Сонымен, қандай мамандық оқытылады? Бұл мамандардың маңыздылығы қандай? Тілші материалы.
Қазір отандық ауылшаруашылық өндірісіне IT-технологияларды енгізу, ғылыми жаңалықтарды өндірісте пайдалану міндеті бар. Ал, Вагенинген университеті әлемде аграрлық жоғары оқу орындары арасында 1-орында тұр. Сондықтан, жиында аталған оқу орнымен бірге «Өсімдіктер туралы ғылым» және «Тағам технологиясы» бойынша маман даярлау мүмкіндіктері қаралды.
Тілектес Есполов, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры:
Вагенинген университетінің бағдарламасы бойынша, стандарты бойынша, технологиясы бойынша балаларымызды 2019, 2020 оқу жылында осы университетімізде оқытамыз. Екі мамандық бойынша 50/50-ден 100 баламызды осы университетімізде оқытамыз.
Қазір аграрлық университет еліміздегі 10 үздік жоғары оқу орындары санатына кіреді. Мұнда 2015 жылдан бері «Агротехнологиялық хаб» жұмыс істеп тұр. Әлемдегі белгілі кешендермен байланыс орнатқан хабтың ғалымдары озық технологияларды отандық агроөнеркәсіп саласына бейімдеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Вагенинген университетінің келген делегация осы хабтың жұмысымен танысып, таңданыстарын жасырмады.
Йерун Обург, Вагенинген университетінің халықаралық корпоративтік стратегия және есеп бойынша аға саяси кеңесшісі /Нидерланд/:
Маған тамақ технологиясы бойынша өздерінің ғылымдағы алғашқы қадамдарын жасап, стартап-жобалармен нақты айналысып жатқан студенттердің жұмыстары қатты ұнады. Біздің университетімізде жас ғалымдар тобының арасында бәсекелестік бар. Мұнда да мені жас буынның стартап жобаларын өндіріске енгізіп, нақты нәтижеге қол жеткізуге деген мақсаттары қуантты. Себебі, бәсекелестік бар жерде ілгерілеушілік бар.
Қазір төрткүл дүниеде топырақтың құрамы жыл сайын өзгеріске ұшырап отыр. Осыған байланысты Вагенингенде «Топырақ» мұражайы ашылған. Кешенде ғалымдар жердің құрамы мен құнарын зерттейді. Енді шетелдік топ қазақ даласындағы топыраққа арнайы сараптама жүргізбекші.
Тини Ван Бокель, Вагенинген университеті өнім дизайны және сапа басқармасы бөлімінің жетекшісі /Нидерланд/:
Біздегі ғылыми-зерттеу орталықтарындағы сандық технологияның озық үлгілер арқылы қоршаған ортаның әсерін, топырақтың қандай жағдайда екендігін білуге болады. Осы бағытта сіздерге ғылым-білім тарата отырып, біз өз мұражайымызды жаңалықтармен толықтырамыз. Бұл қоршаған ортаны сақтауда, ауылшаруашылығын дамытуда өте маңызды.
Ғалымдардың айтуынша, 2040 жылға қарай халық саны артады. Сол кезде азық-түлік пен ауыз су тапшылығы өзекті мәселеге айналады. Осыған орай, жас буынды ғылымға ден қоюға бағыттап, аталған саладағы проблемаларды терең зерделеуге күш жұмсауына жағдай жасау қажет. Сондықтан, «Қазақ ұлттық аграрлық университетінің Вагенинген университетімен әріптестігі - ауыл шаруашылығы саласына тың серпін береді», - дейді беделді мамандар.
Аманкелді СЕЙТХАН