Павлодардағы мектептердің бірінде бата беруге үйрететін сынып ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодардағы мектептердің бірінде бата беруге үйрететін сынып ашылды

01.04.2019

Павлодардың Бауыржан Момышұлы атындағы мектебінде  балаларды бата беруге үйрететін сынып ашылды. Оған бастауышта оқитын 900-ден астам оқушы қатысады. Негізі қазақ халқы батаны жөні мен жолы бөлек, тәлім-тәрбиеге толы  бабалар ғұрпы деп біледі. Ал, ерекше сыныпты ұйымдастырушылар жастайынан бата жаттап өскен бала өскенде арлы азамат, батагөй ақсақал болады деп санайды.  

Бата үйрету сабағы үнемі осылай басталады. Ыбырай аталарының сөзі -ақылдың көзі деп біледі балалар. Ал, батадан бақ даритынын орыс қызы Әмина Гостева да жақсы түсінген. 

Сауаты болмаса да, ақ батасынан жаңылмаған абыз аталардың ұрпағы бұл. «Батаны бүгінде кейбіреулер наным-сенімге қатысты десе, кейбіреулер өнер деп бағалайды. Тіпті, тілек деп шатастырады, бірақ батаның жолы да, жөні де бөлек», дейді ерекше сыныпты ашқан Секербек Айтқалиұлы.

Секербек Айтқалиұлы, ҚР Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері:

1 сыныптан батагөй қылып үйретсек, ішкі жан-дүниесі тазарып, жақсы қалыптасады.

Ертеден келен жатқан ата салтының жаңғырғанына ата-аналар қуанышты. Олар ай сайын кезекпен келіп, балалардың бата беру тестіне қатысады.

Ульян Мақұлұлы, тіл жанашыры:

Бүгінгі жастарымыз ертең өсе келе халықтың бата деген құндылығын біліп өсіп, өздерінен кейінгілерге насихаттап жүреді деп үміттенемін.

«Батамен ел көгерер, жауынмен жер көгерер деген ұлағатты елдің баласы бата үйренсе, халқына ізгіліктің нұрын шашады», дейді үлкендер.

 

Болат АМАНБАЕВ

Хабарламаларға жазылу