Оқушылар жүлделі оралды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оқушылар жүлделі оралды

09.04.2019

Алматылық мүмкіндігі шектеулі балалар әлемдік додаларда топ жарды. Мәселен, қабілеті төмен балаларға арналған 7 мектеп-интернатының оқушылары Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасы Әбу-Дабиде өткен арнайы олимпиададан жүлделі оралды. Сонымен қатар, роботты техника бағытында Ресейде өткен сайыста оқ бойы озық шықты.

Жерлестеріміз төрт жылда бір өтетін дүбірлі додаға асқан дайындықпен барған. Соның нәтижесінде, спорттың 15 түрінен сынға түсіп, ел қоржынын 7 медальмен толтырды.

Күмісхан Тоқсанбаева, Алматы қаласы даму интеллектуалдық қабілеті төмен балаларға арналған №7 мектеп-интернатының директоры:

Бірден барып медаль алу - оңай жұмыс емес деп ойлаймын. Өйткені, көп дайындық керек. Балаларымыз 7-8 сыныптардан бастап, күнделікті дайындықта жүреді. Осындай мүмкіндігі шектеулі балаларға мемлекет тарапынан, Алматы әкімдігінің атынан, білім басқармасы тарапынан барлық жағдай жасалды.

Аяулым Ертасова, Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері:

Осы мектепте оқып жүргеннен бастап спортпен айналыса бастадым.  Көкшетау, Қостанай сияқты көптеген қалаларда болдым және жүлделі орындар алдым. Соның арқасында Әбу-Дабиге жол тарттым. Дзюдодан өткен жарысқа қатыстым. Екінші орын алып қайттым.  

Ал, есту қабілеті нашар балаларға арналған мектептің оқушылары роботты техника бағыты бойынша Мәскеуде өткен "PROFEST-2019" фестивалінде топ жарды. Байқауға ТМД елдерінен мыңдаған үміткер қатысқан.

Тамара Стрельникова, Алматы қаласы есту қабілеті нашар балаларға арналған №1 арнайы мектеп-интернаты роботты техника пәнінің мұғалімі:

Біз мұндай нәтижеге жетеміз деп ойлаған жоқпыз.  Себебі конкурсқа мүмкіндігі шектеулі балалар ғана қатысқан жоқ. Ол жерде мықтылар болды. Сондықтан, біз үлкен жетістікке жеттік деп ойлаймыз.

Жас спортшылар бұдан да ауқымды сайыстарға қатысып, ел абыройын асқақтатуға ниетті. Ал, Мәскеуден жеңіспен оралған оқушылар осы жылы тамыз айында Тайвань елінде өтетін әлем чемпионатына қатыспақшы.

Нұрхан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу