Болгарияда қазақ тіліне сұраныс күннен-күнге артып келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Болгарияда қазақ тіліне сұраныс күннен-күнге артып келеді

11.04.2019

Болгарияда қазақ тіліне сұраныс күннен-күнге артып келеді. Қазақша хат танып қана қоймай, бай, әуезді тілімізді терең зерттегісі келетіндердің қатары көбейген. Жастардың ынта-ықыласынан соң, еліміздің Болгариядағы дипломатиялық миссиясы Софиядағы екі университетте қазақ тілі орталығын ашқан. Ұлы дала елінің тілін үйреніп, тарихы мен мәдениетімен танысып жүрген болгар жастарымен Еуропадағы тілшіміз Нұрсұлу Қасым кездесіп қайтты. 

131 жылдық тарихы бар София университетіндегі қазақ тілі кабинетінің ашылғанына биыл 4 жыл. Осы уақыт аралығында лекторат 100-ден астам шәкірт түлетті. Қазір 10 студент оқып жатыр.

Мемлекеттік тілдің мерейін үстем етіп, шетелдіктерге дәріс беретін - Баян Райханова. Филология ғылымдарының докторы, профессор қазақ тілінің грамматикасы жайлы болгарша біраз кітап жазған. Тың еңбектер Абайдың тілінде сөйлегісі келетін жастарға үлкен көмек.

Мира Маринова, әулие К.Охридский атындағы софия университетінің 2-курс студенті:

Абай, «Көзімнің қарасы».

«Көзімнің қарасы,

көңілімнің санасы,

Бітпейді іштегі

ғашықтық жарасы».

Мария Велева, әулие К. Охридский атындағы софия университетінің 2-курс студенті:

Қазақ тілі өте ұнайды. Алматыға Астанаға бір күн барармын. Байлық, бақыт тілеймін бүкіл Қазақ еліне.

Бұл София техникалық университетіндегі қазақ тілі, әдебиеті мен  мәдениетін оқыту және ақпарат алмасу орталығы. Болгария оқу ордасы мен Семейдегі қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетінің ортақ жобасы.

Раушан Мұқажанова, орталық жетекшісі:

Негізгі мақсатымыз - осы жерде қазақтың салт-дәстүрін көрсету, қазақтың бар екендігін көрсету. Болгар халқы мен қазақ халқының арасындағы байланыс, достық қатынасты одан әрі қарай нығайып жатыр деп ойлаймыз.

Иван Кралов, София техникалық университеті ректорының орынбасары:

Қазақстандық университетпен іскерлік қатынас орнатқанымызға,  қазақ орталығының бізде ашылғанына қуаныштымыз. Қазір олар бізде тағылымдамадан өтіп жатыр. Келесі жылы біздің студенттер, оқытушылар сіздерге барады. Мехатроника, жасыл технология, яғни, ғылым саласында да ынтымақты арттырғымыз келеді.   

Былтыр қыркүйекте ашылған орталықтың жұмысына қызығушылар көп. Студенттермен бірге қазір мұнда оқытушылар да қазақша тіл сындырып жүр.

Нұрсұлу Қасым, тілші:

Болгарлардың  қазақ тіліне деген сұранысының күннен-күнге артқанын ескерген еліміздің Болгариядағы дипломатиялық миссиясы мынадай арнайы сөздіктер шығарыпты. Қарап отырсам ұқсас сөздер өте көп. Мысалы, қазақша айран-болгарша айран. Бәлкім-белкім. Береке-берекет. Әзірге сөздік мың данамен шыққан. Қазақстандық өкілдік, болашақта таралымын көбейтуді жоспарлап отыр.

Қазақ-болгар қатынасына тың серпін беруді көздеген орталықтағылар Наурыз мерекесін бірге атап өтті. Қазақтың тілін үйреніп, тарихы мен мәдениетіне қаныққан болгарлар енді ұлттық аспаптарда еркін ойнасақ, дейді. 

Осы мақсатта қазақстандық дипломаттар жақын арада домбыра үйрету курсын ұйымдастыруды көздеп отыр. Биыл София университетінде әл-Фараби орталығын ашу да жоспарда бар.

Нұрсұлу ҚАСЫМ

Хабарламаларға жазылу