Еліміздің Еңбек сіңірген мұғалімі, «Құрмет» орденінің иегері Қанипа Бітібаеваның атындағы білім сайысы биыл 5-ші рет өтіп жатыр. Биылғы олимпиадаға еліміздің әр өңірінен келген 200-ден астам озат оқушы қатысуда. Олар - өз аймақтарында облыстық кезеңде жеңіп шыққан 9-11 сынып оқушылары.
Білім сайысы екі күн бойы өтеді. Бірінші күні жастар эссе жазады, ал екінші күні ауызша сұрақтарға жауап береді. Шараның негізгі мақсаты - мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, оқушылардың қазақ тілі мен әдебиетіне деген қызығушылығын арттыру.
Биылғы олимпиадада ең жоғары ұпай жинаған оқушы Шығыс Қазақстандағы университеттің грантына ие болады.
Мақпал Медетқызы, олимпиадаға қатысушы:
- Мен осы олимпиадаға бірінші рет қатысудамын және Қанипа апамыз туралы бала кезімізден оқып білдік.
Зәуре Аманова, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының зертхана меңгерушісі:
- Қанипа Омарғалиқызы өте ұлағатты ұстаз болды. Қазақ тілі мен әдебиетті оқытуда ол кісінің еңбегі зор. Осы олимпиада аясының өзінде де облыстардан, аймақтардан келген мұғалімдерге Қанипа апайдың шәкірттері семинар ұйымдастырады. Әдістемелік кітаптарымен, шығармаларымен таныстырып, дөңгелек үстел өткізіп отырады.
Берік КӨШЕРБАЙ