ІТ мамандарға сұраныс артады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ІТ мамандарға сұраныс артады

14.05.2019

ІТ мамандарға ішкі емес, тіпті сыртқы нарықта да сұраныс көп. Алайда, қазір бізде аталған саланы жетік меңгерген кадрлар болғанымен, жеткіліксіз. Алматыда білім жүйесіне қатысты өткен кең ауқымды конференцияда сарапшылар осыны айтты. Олардың пікірінше, Елбасының «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру үшін әлі мыңдаған маман керек. Сондықтан оларды даярлау ісінде педагогтар заман ағымына сай, жаңа технологиялық тәсілдермен оқытуды қолға алулары қажет.

Бүгінде мектеп пен колледж оқушыларының оқуға деген ынтасын арттыру - өзекті мәселелердің бірі. Өйткені түрлі гаджеттер шыққалы оқушылар ойын мен қызыққа құмар. Сондықтан ұстаздар оқытудың бұрынғы әдістерін өзгерту керек деп есептейді. Себебі жаңа технологиялар білім беру үрдісін жаңа бағытқа бұрып отыр.

Маржан Сабырқызы, Алматы мемлекеттік политехникалық колледжі директорының орынбасары:

- Ақпараттық технологиялар оқытушыларға өзінің оқу процесін неғұрлым тиімді әрі қызықты өткізу үшін бағытталған болып есептелінеді. Себебі осы ақпараттық технологиялар арқасында біз талапқа сай маман даярлауға үлкен мүмкіндік туып отыр.

Оқытушылардың өз жұмысын тиімді жүргізуі үшін жаңа құрылғыларды меңгеруі маңызды. Сондықтан алқалы жиынға әлемге танымал вендерлер қатысып, пікір қосты. Дүниежүзіне белгілі ақпараттық саладағы компания өкілдері мол тәжірибелерімен де бөлісті.

Жантілеу Әзизханов, қалалық Колледждер қауымдастығының президенті:

- Қазір дүниежүзінде болып жатқан әдістемелерді алып, солармен танысып, соның ішінен өзімізге қажеттісін алып, пайдалануға үлкен мүмкіндігіміз бар.

Қазір Алматыда жалпы саны 85 колледж бар. Олардың 20-сы мемлекеттік, 65-і жекеменшік. Мамандардың айтуынша, орта білім беретін орындардың барлығы дерлік оқу жүйесін ақпараттық технологияларға негіздеген.

Аманкелді СЕЙТХАН

Хабарламаларға жазылу