ШҚО-да «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен ауданға барған жас маман сабақ бере алмай жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ШҚО-да «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен ауданға барған жас маман сабақ бере алмай жүр

03.06.2019

Бородулиха колледжінің басшылығы оны осыдан 4 жыл бұрын жұмысқа алып, енді шығарып тастамақшы. Ауылға барған маманға мемлекеттік көтерме ақша және үй алуға процентсіз несие де берілген. Баспана мәселесі шешілгенімен, жас оқытушының жұмысы ойдағыдай болмапты. Қос тараптың шағымын Берік Көшербай айтсын. 

Дамир Өмірханов Семейдегі жоғарғы оқу орнын «кәсіптік білім» мамандығы бойынша тәмамдаған. Осыдан 4 жыл бұрын Бородулиха ауданындағы колледжге жас маман ретінде жұмысқа тұрды. Бірақ былтырдан бері басшылық тарапынан қудалауға түстім деп шағымданады.

Дамир Өмірханов, өндірістік оқыту шебері:

- Дипломың сәйкес келмейді деп, мені жұмыстан шығаратыны туралы хабарлама берді. Содан кейін 3 айдан соң жұмыстан шығарып жіберді. Сотқа жүгініп, 6 айдан соң сотта ұтып, жұмысқа қайтадан тұрдым.

Дипломы сәйкес келмесе, Дамир Өмірханов колледжге жұмысқа қалай орналасқан? Кәсіптік білім беретін оқу орнының қазіргі басшылығы бұл сұрақтың жауабын бұрынғы директордан сұрау керек екенін айтады. Ең қызығы, жас мұғалім қазір жұмыстан шеттетіліп, студенттерге сабақ бермейді. Бірақ оған жалақы төленіп жатыр.

Марат Әбілов, Бородулиха колледжі директорының міндетін атқарушы:

- Ол жігіт 2015 жылдың қыркүйек айында келген. Мен 2016 жылдың басында келдім. Сол кезде мен оған сабақ берейін деп, қыркүйекке дайындал деп айттым. Бірақ бүкіл құжаттарда білім басқармасына апарғанда, ол тарификациядан өтпеді. Яғни, ол өтпегеннен кейін бізде оған сабақ беруге құқық жоқ.

Тілшілер келген соң, колледжде ұжыммен шағын жиналыс өтті. Директордың бір орынбасары жағдай жақсы десе, екіншісі ұжымдағы моральдік ахуалдың күрделі екенін жеткізді.

Людмила Скворцова, директордың орынбасары:

- Оқытушыға сенімсіздікпен қарап, ізіне түсу деген жағдай бар. Мен білім саласында 35 жыл жұмыс істеймін. Қайда кетіп, қайдан келгенімді жазып, неліктен қол қою керек екенін түсінбеймін.

Соңғы 3 жылда Бородулиха ауданына «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы 100-ге жуық жас маман келген. Оларға көтермеақы төлеу үшін бюджеттен барлығы 16 миллион, баспана алуға 184 миллион теңгеден астам қаржы бөлінген. Бұл жас мамандардың арасында Дамир Өмірханов та бар.

Берік КӨШЕРБАЙ

Хабарламаларға жазылу