Бес күндік оқу жүйесі мәселесі жыл соңына дейін шешіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бес күндік оқу жүйесі мәселесі жыл соңына дейін шешіледі

22.08.2019

Қазақстан мектептерін 5 күндік жұмыс аптасына ауыстыру мәселесі жыл соңына дейін шешіледі. Бұл туралы Білім және ғылым вице-министрі Фәтима Жақыпова елорда педагогтарының жыл сайынғы Тамыз кеңесінде айтты.

Вице-министрдің сөзінше, мұғалімдердің жаңа жұмыс режимі – заман талабы. Яғни, қызметкерлер сенбідегі уақытын өзін-өзі дамтытуға жұмсай алады. Айта кетейік, осыдан бірнеше күн бұрын өткен Тамыз конференциясында министр Асхат Аймағамбетов мектептерге бес күндік оқу аптасына көшуді ұсынған еді. Өйткені сенбі күні мұғалімдер мектепке шақырылатын көрінеді.

Фәтима Жақыпова, ҚР Білім және ғылым вице-министрі:

Егер мектеп бес күндікке ауысса, сенбі күнін мұғалім қалауынша өткізер еді. Немесе мектеп әкімшілігі айына бір рет әдістемелік жиын өткізе алады. Бұл - мұғалімдер тарапынан ең жиі қойылатын сұрақ, сондықтан мектеп әкімшіліктеріне осы мәселені қолға алуды өтінеміз. Оның үстіне, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мұғалімдерді кәсібінен тыс жұмысқа салмауды тапсырды.

«Білім және ғылым» тақырыбында өткен кеңесте мектеп пен мұғалім тапшылығы мәселесі де қозғалды. Нұр-Сұлтан қаласында 200 мұғалім жетіспейді. Қала әкімі Алтай Көлгіновтің айтуынша, мәселені шешу үшін былтыр университеттерге қосымша 100 грант бөлінген. Соңғы 10 жыл ішінде елордадағы мектеп саны 1,5 есеге артқанымен, урбанизация салдарынан білім ордалары жетпейді. Бүгінде бас шаһарда 108 мектеп бар. Алдағы бес жылда жаңадан 40 білім беру нысаны салынбақ.

Фариза МҰСАҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу