Ұлт денсаулығы – табысты болашақтың негізі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлт денсаулығы – табысты болашақтың негізі

17.01.2014
Ұлт денсаулығы – табысты болашақтың негізі
Ұлт денсаулығы – табысты болашақтың негізі. «Қазақстан – 2050» стратегиясында денсаулық сақтаудың Ұлттық жүйесін жаңғырту үшін медициналық қызмет сапасының бірыңғай стандартын енгізу тапсырылды. Оның ішінде мемлекет-жекеменшік әріптестігін нығайту да бар. Елбасы жеке аурухана мен емханаларды көбейту қажеттігін айтты. Қазір Ақтөбе облысында 9 жеке медициналық мекеме мемлекеттік тапсырыстың 26 пайызын орындап отыр.
 
Ақтөбеде бүйрегі ауыратын 180 тұрғын бар. Олар жасанды бүйрек аппаратының көмегімен жүр. 65 жастағы Клименти Ким 2 жылдан бері тәулігіне 4 сағат қан тазартады. Медицинаның озық құрылғылары кез келген науқастың жанына шипа.
 
Клименти Ким, науқас:
Науқастарға барлық жағдай жасалған. Елде жоқ аппараттармен емделеміз. Бұл еліміздің халықтың денсаулығы үшін жасап отырған қамқорлығы.
 
Жансыз аяқтың бұлшықетін жаттықтыратын құлтемір - оңалтудың ең тиімді әдісі. Елде аз, құны қымбат. Пайдасы көп. Ақтөбе облысында 22 мың мүгедек бар. 30 пайызы тірек - қимыл жүйесі бұзылғандар. Бұрын олар Ресей мен Украинаға баратын. Енді өңірдегі оңалту орталығында емделеді. Заманауи жеке медициналық орталық - «Қазақстан-2050» стартегиясының жемісі.
 
Ғалымжан Елеуов, жеке клиника директоры:
«Қазақстан – 2050» стратегиясы біздің болашақта атқаратын жұмыстарымыздың барлығын көрсетіп беріп отыр. Тек соны сапалы орындауымыз керек.
 
Ақтөбеде мемлекеттік тапсырысты орындайтын 9 жеке медициналық мекеме бар. Өткен жылы оларға 780 миллион теңге бөлініп, бес мың адам ем алды. Уақыт пен қаржы үнемделді, қызмет сапалы. Келер жылы өңірде тағы бірнеше мемлекеттік медициналық мекеме салынады.
 
Қайрат Сабыр, Ақтөбе облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
Биыл 4 үлкен жобаны іске асырамыз. Ол - онкология орталығы, диализ орталығы, үшіншісі - жеке медициналық орталық. Оның ішінде аурухана да, емхана да болады.
 
Жеке орталықтар үшін инвестицияның қайтарымы - жоғарғы көрсеткіш. Сондықтан онда әр науқастың денсаулығына ерекше көңіл бөлінеді. Жеке медицинаның дамуы денсаулық сақтау саласы мен кәсіпкер ғана емес, әр қазақстандық үшін тиімді.
 
Әлия ТАЛАСОВА

Хабарламаларға жазылу