Медицинадағы қазақ-корей байланысы оң нәтиже бермек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Медицинадағы қазақ-корей байланысы оң нәтиже бермек

05.03.2014
Медицинадағы қазақ-корей байланысы оң нәтиже бермек

Қазақ-корей дәрігерлері бірігіп, ұлт денсаулығын нығайтпақ. Бүгін Алматыдағы ҚР Президенті істері басқармасы жанындағы Орталық клиникалық ауруханаға 7 корейлік маман келді.

 
Құр алақан емес, соны технологиялардың күшімен түрлі сырқаттың алдын алатын инновациялық жаңалықтарымен келді. Тәжірибелерін қазақстандық дәрігерлермен бөлісті. Дамыған отандық медицинаның ұтымды тұстарынан сабақ алды. 
 
Халқымыздың өмір сүру жасы 80-нен асуы тиіс. Бұл - биылғы Жолдау жүктеген міндет. Қойылған межені бағындыру үшін отандық дәрігерлер іске білек сыбана кірісті. 
 
Оңтүстік Кореядағы «Кенгхи» университеті іргесіндегі медициналық орталықтың мамандарымен әріптестік орнатты. Кардиология, радиология, ревматология бойынша бүгін 50-ге жуық науқасты қабылдап, ем-дом көрсетті.
 
О Джу Хен, радиолог, «Кенгхи» университеті іргесіндегі медициналық орталықтың кардиологы, медицина ғылымдарының докторы, профессор: 
Бүгінде қарқынды дамыған жаңа технологиялар мен үздіксіз ізденістің арқасында түрлі ауруды ерте анықтап, асқынуына жол бермеу керек. Өз тәжірибемде айына қатерлі ісік ауруына шалдыққан 300-ден аса науқасты тексеремін. Жылдам әрі тиісті шара қолдану арқылы ажалдан арашалап қаламыз.   
 
Қайрат Кәрібаев, Қазақстан Республикасы Президенті іс басқармасының Орталық клиникалық ауруханасы, кардио орталығының меңгерушісі:
Корейлік мамандардың қолданатын әдістемесі неврологиялық ауруларға жақсы көмек береді. 
 
Көктем шыға көк шөптен не болмаса, шаң-тозаңнан адам ағзасы тітіркене бастайды. Бақыткүл Қаппарқызы осындай аллергияның азабын тартып жүр. Бүгін профессор Чо Чунг Сеннен сырқатты қалай емдеу керектігі туралы кеңес алды.
 
Бақыткүл Қаппарқызы, Алматы қаласының тұрғыны:  
Анализ нәтижесі 20 минутта дайын болады. Қызмет көрсетулері ұнады.
 
«Кенгхи» университетінің жанындағы медициналық орталық, жүрек-қан тамырлары ауруын емдеуде әлемде үлкен жетістіктерге ие. Өткен жылы 400 мың адамға күрделі операция жасап, соның 60 пайызы сырқатынан құлан-таза айыққан. Осындай толайым нәтижеге енді қазақ-корей дәрігерлері бірлесіп жетпек.
 
Айгүл ЕРМАХАН

Хабарламаларға жазылу