Семейде обыр дерті өршіп тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Семейде обыр дерті өршіп тұр

27.03.2014
Семейде обыр дерті өршіп тұр

Семейде бұрынғы атом сынақ полигонының төңірегінде тұратын халықтың денсаулығын оңалту мен радиация зардаптарын жоюда кешенді жұмыстар атқарылуда.

 
Қазір өңір халқын жаппай тіркеу қолға алынып, әр адамның денсаулығы диагностикадан өткізіліп жатыр. Өңірде биылдан бастап, ядролық медицина орталығы да іске қосылады. Мамандар ол обыр дертін жан-жақты емдеу мен алдын алудың озық әдістерін қолдануға мүмкіндік береді деп отыр.
 
Семейдегі радиациялық медицина және экология ғылыми зерттеу институты, бұрынғы сынақ полигоны төңірегінде халықты емдеу мен диагностикамен шұғылданады.
 
Оған қоса, бүгінде институт радиациялық аумақ тұрғындарының санағын жүргізуде. «Бұл тұрғындардың қаншалықты радиациядан зардап шеккендігін нақты білу үшін қажет», дейді мамандар.
 
Талғат Молдағалиев, Радиациялық медицина және экология ғылыми зерттеу институты директорының орынбасары:
 2013 жылы бізге 120 мың адам тіркеуге тұрды. Бұл әрі қарай да жалғасады. Біз медициналық қолдауды қажет ететін халықтың санын білетін болсақ, мемлекеттен берілетін көмекті нақты жоспарлап, оның нәтижелі болуына қол жеткіземіз.
 
Семей сынақ полигонының зардаптары орасан болғандығын өңір халқының аурушаңдығынан-ақ байқауға болады. Басқа облыстармен салыстырғанда, мұнда обыр дерті өршіп тұр.
 
Онкологиялық диспансерде қала бойынша 6 мыңнан астам адам тіркеуде тұрса, жылда олардың 1300-1400-ге жуығына «Обыр дертіне шалдықан», деген диагноз қойылады.
 
Әсіресе, өкпе, асқазан, бауыр, сүт безі обыры көп. Аты жаман ауруды ауыздықтау үшін Елбасы бастамасымен 2012-2016 жылдарға арналған кешенді бағдарлама бекітілген.
 
Нұргүл Жұмықбаева, Семей қаласының өңірлік онкологиялық диспансерінің маманы:
 Қазіргі уақытта онкологиялық қызмет барлық жағынан қамтамасыз етілген. Науқастың емделіп шығуы үшін барлық жағдай жасалған.
 
Обырды ерте баста анықтау үшін қолданылатын құрылғылардың  жаңа үлгілері Семейдегі өңірлік онкологиялық диспансерге қойылып жатыр. Мына қондырғы мамандардың қолына жақында ғана тиген. Енді ол арқылы науқастарға сәулелік терапия жүргізудің тиімділігі арта түспек.  
 
Дәурен Әділбаев, Семей өңірлік онкологиялық диспансерінің маманы:
Мұндай құрылғылардың көмегімен емдеу сапасы да, емдеу мүмкіндігі де жоғарылай түседі.
 
Еліміз бойынша онкологиялық дертке кешенді түрде ем жүргізетін жоғары дәрежелі 5 орталық құру жоспарланған. Соның алғашқысы - Семейде биыл ашылатын Ядролық медицина орталығы.
 
Мамандар ол әлемдегі ең озық үлгідегі құралдармен жабдықталып, емдеу жан-жақты әрі сапалы орындалатын орталық болады, деп отыр.
 
Ержан ЖАҚЫП

Хабарламаларға жазылу