Енді Астанадағы барлық ардагерлер №4 емханаға барып ем-дом қабылдайтын болады. Бұл тізімге ІІ Дүниежүзілік және Ауған соғысының ардагерлері мен соларға теңестірілген азаматтар, Чернобыль апатының зардабын жоюға қатысқандар еніп отыр.
Айта кету керек, қазіргі таңда қалада жалпы саны 3000-ға жуық ардагер бар. Оларға арнайы жасақталған емдеу кабинеттерінде медициналық қызмет көрсетілуде.
№4 емханада ардагерлер үшін арнайы екі емдеу кабинеті жұмыс істейді. Мұнда дәрігерлер Отан үшін от кешкен жандарды емдейді. Ал, үйінен шыға алмайтын қарияларға барып, ем көрсетеді. Қажет болған жағдайда жедел дәрігерлік көмек көрсетіледі.
Бүгін медицина мамандары жасы тоқсаннан асқан соғыс ардагері Әубәкір Есжановтың үйіне барып, ақсақалдың қан қысымын өлшеп, глюкометр арқылы қанның құрамындағы қанттың мөлшерін анықтады
Әубәкір Есжанов, соғыс ардагері:
Үйге келіп емдеген дәрігерлерге алғысымды айтамын.
Жалпы қалада тұратын 263 соғыс ардагері бар. Қариялардың денсаулығын бақылап, тексеріп отыру - ақ халатты абзал жандардың басты міндеті.
Кәмшат Батырбек, №4 емхананың ардагерлер бөлімінің терапевті:
Ауру-сырқатына байланысты мемлекеттен бөлінетін тегін дәрілерін береміз. Аптасына бір рет терапевт қарайды. Лаборатотриялық-зертханалық сараптама үй жағдайында алынады.
Сәуле Ахметбекова, №4 емхананың жалпы тәжірибелік дәрігер бөлімінің меңгерушісі:
Айына бір рет міндетті түрде кардиограммасын жасаймыз.
Емханада ардагерлерге арнайы 2 дәрігер, 4 медбике қызмет көрсетеді. Ал әлеуметтік қызметкер керек-жарақты түгендеп, дәрі-дәрмектерді науқастарға апарып береді. Жылдан-жылға қатары сиреп бара жатқан майдангерлерге қандай құрмет көрсетілсе де аздық етпесі анық
Ләззат БЕКТАС