Қан тапсырып тұру адам ағзасына – өте пайдалы. Әсіресе, қан-тамырлар ауруына шалдықпауға септігін тигізеді. Қан қысымын да төмендетеді.
Ербол Әбілов – банк қызметкері. Осыдан екі жыл бұрын жол апатына түскен досына қажет болып қан тапсырады. Солай жолдасына қол ұшын берген Ербол өзге науқастарға да көмектесу – әрбір ер азаматтың парызы деп біледі. Оның үстіне қан тапсырғалы бері тұмаумен де ауырмайтын болыпты.
Ербол Әбілов, донор:
Қан тапсырып шыққан кезде, бір адамға жүрегімді беріп шыққандай сезімде боламын. Бүгінде біздің елімізде адамдардың өмір жасы, орта есеппен 70 жас болса, қан тапсыратын адамдарға кемінде 5 жас қосылып отырады.
Ләззат Бектас, тілші:
Өздеріңіз көріп тұрғандай, біз қазір арнайы қан тапсыру бөлмесінде тұрмыз. Бұл жерге дәрігердің қатаң тексерісінен өткен донор ғана келіп қан тасыра алады.
Халықтың арасында қан тапсыру арқылы кез келген инфекцияны жұқтырып алуға болады деген пікірді елордадағы ғылыми-өндірістік трансфузиология орталығының мамандары жоққа шығарады. Дәрігерлердің айтуынша, бүгінде қан компоненттерін дайындау жүйесі толық автоматтандырылған.
Зәуреш Альменова, қан орталығы донорларды жинақтау бөлімінің дәрігері:
Әрбір келген донор тек қана қан тапсырып, біреудің өміріне араша бола қоймай, өзінің денсаулығы туралы да көп ақпарат ала алады. Яғни, ол өзінің гемоглабинінің деңгейін біле алады. Қан тобын біледі. Төрт инфекция – гепатит «В», Гепатит «С», ВИЧ, мерез ауруларымен ауырды ма, ауырмады ма сол туралы бізден толық ақпарат ала алады.
Қан орталығына үнемі донор қажет. Өйткені, қан құрамындағы кей компоненттерді 42 күн сақтауға болатын болса, енді біреулері 5 күнге ғана жарайды екен. Сондықтан, мамандар әрбір азаматты қан тапсырып тұруға шақырады.
Зәуреш Альменова, қан орталығы донорларды жинақтау бөлімінің дәрігері:
Перифириялық қан болсын, ДЕПО органдар бар ғой, бауырдан аққан қан, олардың барлығы біздің ағзамызға оттегін жеткізіп отырады және қажетті қоректі заттарды жеткізіп отырады. Көмір қышқыл газдар мен керек емес заттарды біздің ағзамыздан шығарып отырады. Қан тапсырғанда әрбір ішкі органдарға, қан айналымы жақсарғаннан кейін әрбір органға оттегі түседі ғой. Сол себептен адам ағзасына пайдалы.
Астанадағы ғылыми-өндірістік трансфузиология орталығында жылына шамамен 30 мың литр қан дайындалады. Елордалық 21 медициналық мекемені қанмен қамтамасыз етеді.
Ләззат БЕКТАС