Алматыда медицина саласының мамандары қатысатын Дүниежүзілік конгресс өтеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда медицина саласының мамандары қатысатын Дүниежүзілік конгресс өтеді

05.09.2014
Алматыда медицина саласының мамандары қатысатын Дүниежүзілік конгресс өтеді

9-11 қыркүйек аралығында Алматыда Дүниежүзілік конгрес өтеді. ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің қолдауымен өтетін конгресті Б.О. Жарбосынов атындағы урология ғылыми орталығы ұйымдастырып отыр.

«Ер адамдар денсаулығы, өмір сапасы. Пән аралық тәсіл» атты конгреске әлемнің медицина саласының мамандары мен уролог-ғалымдары қатыспақ.

Үш күнге созылатын жиынның басты мақсаты - отандық медицинаның жетістігін әлемге паш етіп, шетелдік ғалымдармен тәжірибе алмасу.

Конгреске әлемнің 20-дан астам елінен жетекші мамандар мен ғалымдар қатыспақ. Дүниежүзілік конгресті Алматыда өткізуге ИССАМ халықаралық қоғамының президенті Бруно Люненфельд ұсыныс білдірген.

Әлемдік мәні бар ауқымды Конгресс Қазақстанда тұңғыш рет өткізілмек. Бұл - еліміздегі уролог-ғалымдардың  еңбегінің нәтижесі дейді мамандар.

Мырзакәрім Алшынбаев, Б. Жарбосынов атындағы урология ғылыми орталығының бас директоры: 

Бұл дүниежүзілік конгресс неге Қазақстанда болып жатыр? Себебі Қазақстанның өзіндік жолы бар. Қазақстандық ерлерге көңіл бөлетін жөні бар. Біз 25 мың еркекке сауалнама жүргіздік. Сонда Қазақстан бойынша белсіздік 56 пайыз болып шықты.

Белсіздікке душар болған ерлердің жағдайы отандық  дәрігерлерді бей-жай қалдырмады. 2008 жылы «Ер адамдардың ұрпақ жалғастыру денсаулығы» атты арнайы бағдарлама қазіргі таңда заманауи техникамен жабдықталған.

Орталық дәрігерлері жасөспірім балалар мен ересек адамдарды да емдейді.  Несеп жолдары сырқаттанған 10 жасар Нұркелді, екі рет операция жасатқан.  Қазір ол өзін  жақсы сезінеді.

Нұркелді Аманкелді, 4-сынып оқушысы:

Менде бұл операцияның 2-ші кезеңі. Бірінші операцияда мен 9 күн жаттым. Тоғызыншы күні қайттым. Бәрі жақсы болды.

Кенеттен науқастанып қалған Рысхан Қожабекова да дәрігерлердің біліктігіне күмән келтірмейді

Рысхан Қожабекова, науқас:

Мен осыдан екі ай бұрын осындай ауруға шалдықтым. Порталдағы квотамен осы жерге түстім. Енді жақсымын, өзімді жақсы сезінемін. Бұл жерде жақсы қарайды.

Осыдан 2 жыл бұрын республика бойынша, 4021 ер адам мен ұл балалардың 3348-нің уроандрологиялық ауытқуы бар екені анықталған.

Жылдан жылға ол көрсеткіш азайып келеді. 9-шы қыркүйекте басталатын конгресс жұмысы әлеуметтік желі арқылы онлайн режимде, әлемнің бірнеше еліне таратылмақ. Ғалымдар бұл Дүниежүзілік конгрестің берері мол деп отыр. 

Айбар ТӨЛЖАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу