Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданында зорлық-зомбылық көрген азаматтарға әлеуметтік-психологиялық сүйемелдеу қызметін көрсететін орталық ашылды. Тағдыры шырғалаңға түскен жандар мұнда психолог және теолог маманның көмегіне жүгіне алады. Олардың ақыл-кеңесі және көмегінің арқасында күйзелістен арылады. Еңсе тіктейді. Сондай-ақ, мұнда отбасы тауқыметінен маскүнемдікке салынғандарға көмек көрсетіледі. Жалпы, статистикалық деректерге сүйенсек, елімізде күніне 12 әйел зорлық-зомбылық көреді екен. Тағы 2-3 бала ересектердің әлімжеттігіне тап келеді. Бұл оқиғалардың соңы тіпті адам өлімімен де аяқталып жатыр. Мәселен, былтыр 36 ана қорлықтан көз жұмаған. Ауыр халге шыдай алмаған 175 жасөспірім өзіне-өзіне қол салған. Осындай келеңсіз жайттердың алдын алу, оны ұдайы қадағалау мақсатында өңірде отбасы мәселесімен айналысатын арнайы басқарма да құрылмақ.
Ғани ҚАЛМАХАНОВ