Астанада тұңғыш рет қалқанша безіндегі ісікке кесір тілігінсіз операция жасалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада тұңғыш рет қалқанша безіндегі ісікке кесір тілігінсіз операция жасалды

25.10.2017

Бұл әдіс бойынша арнайы аспап қолтық астынан өткізіліп, эндоскопиялық құрылғының көмегімен ісікті алады. Яғни, отадан соң науқастың мойнында ешқандай із қалмайды. Емдеудің тың тәсілін отандық мамандар Оңтүстік Кореяның білікті дәрігерлерімен бірлесіп, игеруде. Жоспар бойынша мұндай операция 5 адамға жасалады.  

Маңғыстаудан келген Лилия Базарбайқызы қалқанша безінде ісік бар ойламады да. Екінші дәрежеге асқынғанда ғана бірақ білді. Дәрігерлер аурудың бір ғана емі операция деп отыр. Сырқаты сыр берген емделуші денсаулыққа салғырттық танытпау керектігін айтады.

Лилия Базарбайқызы, емделуші:

- Аяқ астынан осындай ісік дәрежесіне жеткізбей алдын-алу процестерін жүргізуге шақырамын азаматтарды. Себебі, бұл баяу жүретін білінбейтін диагноз. 

Қазақстан - қалқанша безінің қасіретін шегіп отырған ел. 14 облыстың 11-інде йод жетіспейді. Өйткені, мұхиттан алыс. Ал, бұл ауру йод тапшылығымен тікелей байланысты. Соның салдарынан жылына 500-ге жуық адам қалқанша безі ісігіне шалдығатыны анықталған. Енді жаңа әдіс бездегі қатерлі және қатерсіз ісікті тіліксіз жойып, онкологиялық ауруды алдын-алуға мүмкіндік береді.

Ерғали Ғаббасов, ҚР Президенті іс басқармасы медициналық орталығының бөлім меңгерушісі:

- Егер тілу арқылы жасаса, науқастың стационарда болуы, антибиотик дәрілер ішуі, кескен жерді таңу жұмыстарына біраз шығын жұмсалады. Ал, бұл операцияда ол жағы үнемді. Ең бастысы адам айлап, жылдап ауруханада жатпайды.  

Сонымен Астанада жасалған алғашқы ота да аяқталды. Мамандар кесіп тілмей-ақ қолтық асты арқылы бездегі ісікті небәрі 30-40 минут уақытта алып тастады. Енді емделуші көп дегенде 2 күннен соң үйге шығады.

Ли Ю Хо, Ханмаым госпиталінің хирургі:

- Бүгінгі науқасқа жасалған ота сәтті өтті. Біз Қазақстанның құрылғыларын қолдандық. Қолайлы екен. Ендігі кезекте дәрігерлер үйреніп алса болғаны. 

Кореялық әріптестерінен сабақ алған отандық мамандар алдағы уақытта өзге өңірлердің дәрігерлерін үйретуге бекініп отыр. Бұл жер-жердегі дертіне дәру іздеген науқастардың аурудан айығуына жол ашпақ.

 

Раушан САЙЛАУҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу