Отандық дәрігерлер үшін халықаралық медициналық деректер қоры қолжетімді болады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Отандық дәрігерлер үшін халықаралық медициналық деректер қоры қолжетімді болады

08.11.2017

Отандық дәрігерлер үшін халықаралық медициналық деректер қоры қолжетімді бола түсті. Яғни, денсаулық сақтау саласының кез келген маманы тың жаңалықтар мен емдеудің озық тәсілдері тақырыпқа қатысты әдебиеттермен еркін таныса алады. Бұл туралы Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығының бас директоры Айнұр Айыпханова мәлімдеді. Оның айтуынша, халықаралық қорда әлемдік медицина ғылымы мен тәжірибесі жинақталған, әрі күн санап жаңарып отырады. Сондықтан, аталған деректер қорында тек ағылшын тіліндегі дәлелді ақпарат сақталады. Әзірге еліміздің түкпір-түкпіріндегі медициналық оқу ордаларындағы 200 компьютерге осындай ақпарат көздері қосылды. Әлемнің 150-ден астам елі пайдаланатын сайтта денсаулық сақтауға қатысты 900 кітап басылымы, 500 медициналық журнал, 350 егжей-тегжейлі сипатталған емшаралар мен операция тәсілдері мыңдаған мақалалар сақталған.

Айнұр Айыпханова, ҚР ДСМ Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығының бас директоры:

- Дүние жүзінде күн сайын медицина жаңалықтары, емдеу, диагностика тәсілдері ағылшын тілінде шығып жатады. Шыны керек, осы саладағы әдебиет ағылшын тілінде басылып шығарылады. Оған қол жеткізу үшін ақшалай жазылу керек. Яғни, тегін емес. Барлығымыз бірігіп жазылсақ, ақпарат көздері бізге 3 есе арзанға түседі. Бұл ақша жағынан, сонымен қатар, бізге әдістемелік шетелдік дәлелді ақпарат көзі ретінде түсіндіріп береді.

 

Елдос САПАРҒАЛИ

Хабарламаларға жазылу