Біз өткен аптада бейтаныс қызға бір бүйрегін берген Абзал Әділов туралы айтқанбыз. Бүйрегін ауыстырған Жәмила Байсерікова сәтті өткен операциядан кейін аман-есен ауруханадан шықты. Бүгін екеуі де Шымкент қаласына жол жүрмек. Сондай-ақ, қыз ауырған кезде көмек қолын созған «Қайырымды жандар» еріктілер тобы да Ұлттық ғылыми хирургия орталығына арнайы келді.
Бойжеткен үшін төсек тартып жатқан үш жыл да, ұзақ ем-дом да артта қалды. Бірақ, әлі де әлсіз екендігі көрініп тұр. Себебі, анасы ауруханадан сүйемелдеп алып шықты. Сондықтан, сұхбат бермеді. Десек те, бүгін Жәмиланың көңіл-күйі көтеріңкі. Енді, ол толық сауыққанша бір жыл Шымкенттегі дәрігерлердің бақылауында болады. Ал, анасының қуанышында шек жоқ.
Құрмангүл Құлмырзаева, Жәмила Байсерікованың анасы:
- Көмектесіп жатқан барлық халыққа рахметімді айтамын. Алла разы болсын. Бүгінге дейін хабарласып тұрған кісілер бар. «Теледидардан көрдік, шырағым, Құдайға шүкір», деп. Ол кісілер де тілектерін айтып жатыр. «Саған күш-қуат берсін, қызыңа өмір берсін» деп.
Өмірінде ұмытылмастай игі іс жасауды мақсат тұтқан Абзал Әділовтің де мойнынан ауыр жүк түскендей болды. Енді ол Жәмиланың туыстарымен танысу үшін екі аптаға Оңтүстікке қонаққа бара жатыр. Содан соң Алматыға қайта оралады. Оған қалада танысқан жолдастары жұмыс тауып берген.
Абзал Әділов, Орал қаласының тұрғыны:
- Жұмыс бабымен кері қайтып келемін Алматыға. Енді үйдегілерден рұқсат алдым. Әкем рұқсатын берді. Осы жақтан жұмысыңды істеп, келін алып келсең болады деп рұқсатын берген.
Жәмила Байсерікова ауырған кезде тағы да қолұшын созғандардың бірі «Қайырымды жандар» еріктілер тобы. Олар қажетті дәрі-дәрмектерді алып, Алматыда қыздың анасына үш ай бойы пәтер жалдауға көмектесті.
Торғын Асан, «Қайырымды жандар» еріктілер тобының мүшесі:
- Үміт арқалап келгеннен кейін, сонау Шымкенттен және Оралдан Абзал мырза келгеннен кейін үміттің ақталып, операцияның жақсы өткеніне барлығымыз қуаныштымыз.
Дәрігерлердің сөзінше, қазір елімізде үш мыңға жуық адам бүйрек ауыстырудың кезегінде тұр. Өйткені, донор тапшы. Көптеген науқасқа туыстары мен жақындарының бүйрегі сай келе бермейді. Сондықтан, Жәмилаға Абзалдың жолығуы тағдырының үлкен сыйы болды. Олар енді ағалы-қарындасты адамдардай араласып тұрмақ.
Мирас МҰҚАШ