Елімізде қант диабеті көп тараған 5 дертке жатқызылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде қант диабеті көп тараған 5 дертке жатқызылады

14.11.2017

Бүгін дүниежүзілік қант диабетімен күрес күні. Соған орай Президент іс басқармасының медициналық орталығында аурудың алдын алу шарасы өтті. Халық дәрігерлерге тегін тексеріліп, сол мезетте қанының құрамындағы қант мөлшерін біліп алды. Бұдан соң мамандар шыққан қорытындыға қарай қандай ем алу керектігін түсіндірді. Жалпы, бұл ауру 40-тан асқан адамдарда жиі кездеседі. Яғни, асты шектен тыс ішіп, толыса бастаса қант диабетіне шалдығу қаупі жоғары. «Сондықтан, салауатты өмір салтын ұстану керек», - дейді мамандар.  

Жанар Әбдірахманова, ҚР Президенті іс басқармасы медициналық орталығының дәрігер-эндокринологы:

- Қант диабеті эпидемиялық сипат алған әлеуметтік маңызды ауру. Статистика бойынша әлемде әр бесінші адам қант диабетіне шалдыққан. Бұл дерт қауіпті. Себебі, өлімге алып келеді. Бірақ, алдын алу үшін ерте кезден емделген дұрыс. Қазір диагностикалық орталықтар жақсы дамыған. Тек адамдар денсаулығына немқұрайлы қарамауы тиіс.

Қазақстанда онкологиялық және жүрек-қан тамырлары ауруларымен қатар, қант диабеті де көп тараған 5 дертке жатқызылады. Ресми мәліметке сүйенсек, елімізде 300 мыңнан астам адамға қант диабеті диагнозы қойылған. Бірақ, әлі анықталмағандарды ескерсек, әлгі көрсеткіш екі еселенуі мүмкін. Сол себепті, науқастарға арнайы мобильді қосымша жасақтап, оны енгізу көзделіп отыр. Бұл мейлінше дәрігер-эндокринологтардың уақытын тиімді пайдалануға әкеледі. Тексерілуші де емханаларда кезек күтпей-ақ толғандырған сұрақтарына онлайн түрде жауап алмақ.

 

Нысаналы ЫҒЫЛ

Хабарламаларға жазылу